Бүгінде көптеген автокөлік полимерден немесе басқа да өте тез жанғыш заттардан жасалады. Ал автокөлік жанған кезде ауаға улы газ бөлінеді. Автокөліктен от шықса, оның толық жанып кетуіне 5-7 минут қана жеткілікті.

Көлікте өрттің пайда болу себептері көбіне оның күтіміне байланысты. Себебі автомобильді ұзақ уақыт бойы пайдаланғаннан оның жанармай түтіктері және басқа да сымдары тозып, қиылады. Жанармай буына от ұшқыны тисе немесе ол қызып тұрған қозғалтқышқа жайылса, от тез өршіп кетеді. Жалын электр сымдарының дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан да шығуы мүмкін. Сондықтан өрттен сақтану үшін электр сымдарының байланыс сапасы мен оқшаулану жағдайына да аса мән беру керек.

Ал оқыс оқиғадан от пайда болып, көлігіңіз жанып жатса, Алматының төтенше жағдайлар департаменті ұсынған төмендегі нұсақаулық бойынша қимылдағаныңыз абзал:

  1. Көлікті бірден тоқтатыңыз;
  2. Қозғалтқышты сөндіріңіз;
  3. Капот құлпын босатыңыз, бірақ оны мүлдем ашпаңыз. Оттегінің әсерінен өрт аумағы үлкейіп кетуі мүмкін;
  4. Жолаушыларды көліктен шығарыңыз;
  5. “101” нөміріне телефон шалып, өрт сөндірушілерді шақырыңыз;
  6. Егер өрт аймағы аса үлкен болмаса, көліктегі өртсөндіргішті қолданыңыз;
  7. Су сеппеңіз, бұл электр сымдарының зақымданып, өрттің одан сайын өршіп кетуіне себеп болуы мүмкін;
Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!