Шейх Қазақстанда мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы сенімді серіктестерінің бірі екенін, сапар барысында шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласқанын айтты.

Шейх Сурур бен Мұхаммед әл-Нахаян Президентке өзінің West Hydrocarbons Commercial Investment LLC компаниясының Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты. Ол Қазақстанмен алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге, жаңа жобаларға инвестиция салуға ниет білдірді.

Еске салайық, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянмен келіссөз жүргізді. Бірнеше компанияның қожайынымен кездесіп, елдің көрнекі нысандарын аралады.