Спикерлер ел азаматтарын Қытайға барудан уақытша бас тартуға үндеді. Олардың мәліметінше, көрші елде бұл жұқпалы аурумен ауырған адамдардың көбі Уханьдағы Хуанань теңіз өнімдерінің көтерме базарында жұмыс істеген және оған жиі барып тұрған.

Жаңа коронавирус — бұрын адамдарда анықталмаған жаңа штамм. Ол қарапайым суық тию сияқты басталып, асқынуы мүмкін. Коронавирус инфекциясының белгілері: тынысалуды қиындататын қызу, кеуде қуысының рентгенограммасында екі өкпеде де ішке ене өсетін өкпе инфильтраттары анықталады. Ауыр жағдайларда адам пневмония, ауыр жіті респираторлық синдром, бүйрек жеткіліксіздігі сияқты ауруларға шалдығып, өліп те кетуі мүмкін.

Қытайда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстан мынадай шараларды қолға алды:

  • Бас мемлекеттік санитар дәрігердің «Қазақстан Республикасының аумағына этиологиясы белгісіз пневмонияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту туралы» қаулысы (2020 жылғы 06 қаңтардағы №1) бекітіліп, өңірлерге жіберілді;
  • ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне автокөлік өткізу жолдарында Қазақстан аумағына этиологиясы белгісіз пневмонияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттілігі туралы хат жіберілді;
  • ҚР Сыртқы істер министрлігіне ҚХР елшілігіне Хубэй провинциясының Ухань қаласындағы этиологиясы белгісіз пневмониямен ауыруға қатысты эпиджағдай туралы ресми ақпарат беру жөнінде сұрау жіберу туралы хат жіберілді;
  • Шетелге шығатын Қазақстан азаматтарын (туристер, студенттер, мигранттар және тағы басқалар) ақпараттандыру мақсатында Білім және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Мәдениет және спорт министрліктеріне ұсынымдар жіберілді;
  • Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде, әсіресе Қытайдан келетін адамдарға міндетті түрде байланыссыз термометрия жүргізіледі;
  • Әуежай, шекара және кеден қызметкерлері, бортсеріктер, ұшу құрамы, жолаушылар пойызы жолсеріктері профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр;
  • Әуежайларда Қытайға баратын адамдарға жадынама таратылады;
  • 2020 жылдың 24 қаңтарында Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайларында коронавирус инфекциясына күдікті науқас анықталған жағдайға арналған ведомствоаралық оқу-жаттығу шарасы өтеді.

Бүгінге дейін мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде 14 713 адам қаралды, Қытайдан келген адамдар арасында дене қызуы жоғары және ауру белгілері бар адамдар анықталған жоқ.

Дәрігерлер ел азаматтарына мынадай кеңес беріп отыр:

  • Қытайға барудан бас тарту;
  • Қытайға бара қалған жағдайда Уханьға және Хубэй провинциясына барудан бас тарту;
  • Қытайда болған кезде немесе сол жақтан келген кезде тынысалу жолдары ауруларының белгісі білінген жағдайда медициналық көмекке жүгіну немесе өзінің емдеуші дәрігеріне инфекцияның таралу аймағына барғанын хабарлау;
  • Жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыс жасамау;
  • Қолды жиі жуу, әсіресе науқас адамдармен немесе олардың айналасымен тікелей байланысқаннан кейін жуу;
  • Ауру үй жануарларымен және жабайы жануарлармен тығыз байланыста болмау;
  • Жіті респираторлық инфекция симптомдары бар адамдар жөтел этикетін сақтауы қажет: қашықтықты сақтаңыз, жөтелгенде және түшкіргенде бір рет қолданылатын сулықпен немесе орамалмен ауызды жабыңыз.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Konstantin Mironov)