Қытайдан келген тағы алты адам ауруханаға жатқызылды

Таңертең төрт науқас ауруханаға жатқызылған еді. Оның екеуі амбулатория көмегі берілгеннен кейін үйіне жіберілген. Жаңа ғана Алматыда бір адам, Ақмола облысында бес адамнан тұратын отбасы ауруханаға түскені туралы ақпарат келді. Олар Қытайда болған, бәрінде жіті респиратор вирус белгісі анықталды, екі баланың температурасы жоғары болды. Отбасының ересек мүшелерінде ерекше белгілер байқалмады, бірақ бәрі өзара байланыста болғандықтан түгел ауруханаға жатқызылды, — деді Жандарбек Бекшин.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, қазір медицина қызметкерлері Қазақстанға 6 қаңтардан кейін Қытайдан келген азаматтарды анықтап жатыр.

Біз Қытайдан 6 қаңтардан кейін келген шетел азаматтарының бәрін анықтадық. Медицина жұмысшылары бәрімен байланысып жатыр. ҚХР-дан 6 қаңтардан кейін, әсіресе кейінгі 14 күн ішінде келген азаматтардың бәрін, соның ішінде температурасы көтерілген азаматтарды 14 күн бойы тұрақты медициналық бақылаудан өту үшін емханаға барып, тіркелуді сұраймыз, — деді Жандарбек Бекшин.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдан келген төрт азамат аураханаға түскенін мәлімдеген еді. Сыртқы істер министрлігі болса, коронавирус инфекциясы тарап жатқан індет ошағы — Уханьнан еліміздің 98 студенті мен Қазақстанның басқа да азаматтарын елге әкелмекші.