Қазақстанда Қытайдан келген төрт адам ауруханаға түсті

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.

Бүгінде ҚХР-дан бізге 25 858 адам келді, олар — Қазақстанның және шетел азаматтары. Барлығы бойынша мәлімет Денсаулық сақтау министрлігіне берілді, ары қарай Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті арқылы олардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүріп жатыр. Температурасы бар 23 адам келді, оның төртеуі жіті респиратор вирус инфекциясы болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Вирус инфекциялары арасында нақты айырма болмағандықтан біз оларды осындай күдікпен ауруханаға жатқызамыз, — деді Елжан Біртанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, ауруханаға түскендерден қан анализі алынды. Алдағы 3 күн ішінде егжей-тегжейлі диагностика жүргізіледі. Науқастар тиісті ем ала бастады.

Ақпарат порталы Қытайдан келгендердің біреуі Нұр-Сұлтанда ауруханаға түскенін нақтылады.

2019 жылдың желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елдің орталығындағы Ухань қаласында беймәлім пневмония өршігенін хабарлады. Мамандар жұқпалы аурудың қоздырғышы 2019-nCoV коронавирусы деп мәлімдеді. Бұл ауруды бүгінге дейін Қытаймен бірге Гонконг, Макао, Тайвань, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия, Германия азаматтары жұқтырған. Халықаралық ақпарат агенттіктері Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 4 500-ден асқанын, 106 адам қайтыс болғанын хабарлады. Қазақстан коронавирус инфекциясынан сақтану шараларын күшейтті.