Целлюлит көбіне дененің сан мен жамбас бөлігінің тері астындағы өсіндісінде пайда болады. Ағзадағы заталмасу процесінің бұзылу салдарынан жасушалар токсин толған майға айналады. Токсин жасушаларды созып, лимфа жүйесіндегі қан жүруін тежейді де, май жан-жаққа тарала алмай, бөгеліп қалады.

Целлюлит әйелдің жыныс гормонына байланысты, сол себепті ол көбіне репродукция аймағында пайда болады. Май синтезіне жауап беретін рецепторлар әйел денесінің осы бөлігінде алты есе жоғары, — дейді диетолог.

Маманның айтуынша, целлюлитке тұқымқуалаушылық, гормон теңгерімсіздігі, қалқанша без функциясының төмендеуі, қанайналым және заталмасу жүйесі қызметінің бұзылуы себеп болады.

Целлюлит толық адамда ғана пайда болады деген жаңсақ түсінік қалыптасып қалған. Ол диетаға әуес арық адамның бойында да кездеседі, әсіресе тез арықтап, тез толатын қыз-келіншектің денесі целлюлитке жиі ұшырайды,- дейді Динара Мырзағали.

Целлюлитті болдырмау үшін дене шынықтыру қажет, оған қарсы арнайы крем мен гель және массаж да нәтиже береді. Дұрыс тамақтануға да аса назар аударған жөн. Май мен көмірсудан бас тартып, ақуызға бай өнім мен жеміс-жидек тұтынған абзал.

Қазіргі сұлулық медицинасында целлюлитпен күресудің түрлі амалы бар, мысалы, талассотерапия, мезотерапия, антицеллюлит массаж, гирудотерапия, озонотерапия, липосакция және тағы басқа.

Егер бұл жаңа технологияның кері әсері болады десеңіз, әуелі үй жағдайында жасалатын әдісті қолданып көріңіз. Оң нәтижесі болары анық, — дейді Динара Мырзағали.

Диетолог целлюлитті болдырмау үшін үй жағдайында жасауға болатын бірнеше әдісті ұсынды.

Тұзды су. Бұл әдіс арқылы денедегі артық тұзды шығара аласыз. Ісік басылып, дене көлемі кішірейеді. Қан жылдам жүруін қамтамасыз етіп, ағзаны токсиндерден тазалайды. Ол үшін 400-500 грамм теңіз тұзын 2 литр суға ерітіп, ваннаға құю қажет. Сол суда 15 минут жату керек. Аптасына екі рет жасасаңыз, жақсы нәтижеге қол жеткізесіз.

Балшық. Бал, балшық немесе балдырды араластырып, целлюлиттің үстіне жағу керек. Сыртынан целлофанмен орап, 30-40 минут жылы ұстау қажет. Бұдан қан айналымы жақсарып, тері безінің әрекеті күшейеді. Бал теріні нәрлендіреді және тегістейді. Балшық ағзадағы тұз бен минералды көбейтеді. Балдыр теріні тартады.

Массаж. Тері апельсин қабығы іспеттес болса, одан жүйелі түрде массаж жасау арқылы арылуға болады. Сонымен бірге целлюлиттен арылу үшін үнемі душқа түсіп, денені қыздырып тұру қажет. Денені зәйтүн майымен ысқыласа да, оң нәтиже береді. Массажды күнара жасаған абзал.

Егер де үйде жасауға болатын осындай қарапайым амалдар оң нәтиже бермесе, эндокринолог, дерматокосметолог, диетолог мамандардың көмегіне жүгіну керек, — дейді Динара Мырзағали.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!