Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі «әл-Уатан» сарайының алдында өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед Заид әл-Нахаян бір-біріне ілтипат білдіргеннен кейін Құрметті қарауыл ротасын аралап өтті. Екі елдің ресми делегация мүшелері таныстырылғаннан кейін Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Рәсім соңында Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагері келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.
Сізді Біріккен Араб Әмірліктерінде көргеніме қуаныштымын. Әмірліктер басшысының атынан сапарыңызға табыс тілеймін. Сонымен қатар біздің жақын досымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сәлем жолдаймыз. Қазіргі кезде елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. БАӘ Қазақстанмен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық жан-жақты дамып жатыр, — деді Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян.
Мемлекет басшысы шейх Мұхаммедке қонақжайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде өзінің алғашқы сапарын араб әлеміне, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріне жасап отырғанын айтты.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынасымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты — екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын — келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл, Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын айтты.
Кездесу соңында ҚР Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржы қызметін көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Еске салайық, Біріккен Араб Әмірліктерінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары басталды. 28 қаңтарда Қазақстан Президенті Дубайда Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл-Мактуммен және Дубай халықаралық қаржы орталығында (DIFC) жергілікті компаниялар басшыларымен кездеседі.