Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының басшылығы қазіргі жағдай мен әрекет ету шаралары туралы баяндады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды, — деді Асқар Мамин.
Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мынадай шараларды қолға алуды тапсырды:
- Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитариялық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауын күшейту;
- ҚХР-дан келген барлық адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату;
- Эпидемиология ахуалы нашарлаған жағдайда халыққа қажет көмек беретін медицина ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету;
- Қытайға қызметтік іссапарларды шектеу, халыққа ол елге жеке және туризм мақсатында бармауға кеңес беру;
- ҚХР-дан келетін транзит жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимін уақытша тоқтату;
- «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінің жұмысын уақытша тоқтату;
- ҚХР аумағындағы Қазақстан азаматтарына консулдық және өзге де көмек беру жұмысын жандандыру;
- Мемлекеттік органдар коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру мақсатында ҚХР және басқа да мүдделі елдердің тиісті мемлекеттік құрылымдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға тиіс;
- Қажет болған жағдайда Ухань қаласында жүрген Қазақстан студенттері мен еліміздің басқа да азаматтарын шұғыл эвакуациялауды қамтамасыз ету;
- Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен ведомствоаралық комиссия құру, Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың ел аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қолға алуды тапсырған еді. 2019 жылдың желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елдің орталығындағы Ухань қаласында беймәлім пневмония өршігенін хабарлады. Мамандар жұқпалы аурудың қоздырғышы 2019-nCoV коронавирусы деп мәлімдеді. Бұл ауруды бүгінге дейін Қытаймен бірге Гонконг, Макао, Тайвань, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия және Малайзия азаматтары жұқтырған. Соңғы ресми мәлімет бойынша індет ошағы — Қытайда коронавирус инфекциясын 1975 адам жұқтырып, оның 56-сы қайтыс болды.