Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі 2019 жылы «Қазақстан қоғамы құндылықтарының әлеуметтік өлшемі» тақырыбында жүргізген зерттеуін жариялады. Зерттеуге 1 600 респондент қатысқан. Сауалнамаға қатысушыларға түрлі сұрақпен бірге «Тізімдегі ұйымдар мен ақпарат көзіне қаншалықты сенесіз?» деген сауал қойылған. Тізімде сот та бар. Респонденттердің 20%-ке жуығы сот органдарына толық сенетінін білдірген. 40%-ке жуығы белгілі бір деңгейде сенетінін, 25%-ке жуығы аса сенбейтінін, 10%-ке жуығы мүлдем сенбейтінін айтқан. Қалғаны жауап беруге қиналатынын жазған және жауап беруден бас тартқан. 

Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі зерттеуінен скрин
Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігі зерттеуінің скрині

2 апта бұрын Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың кездесуінде судьяларды аттестациялау нәтижесі мен сот актілерінің сапасын жақсарту мәселесі айтылды. 2019 жылы 377 судьяның 11%-і аттестациядан өте алмаған. Биыл тағы 260 судья аттестацияға қатысады. 2021 жылға дейін елдегі судьялардың 84%-і тексеріледі.

2019 жылы 37 судья теріс іс-әрекеті үшін жұмыстан шығарылған. Жоғарғы соттың мәліметінше, оның бірі заңсыз шешім шығарса, бірі сот әдебін бұзған. Бірқатар судья тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Тұңғыш Президент азаматтардың сот органдарына сенімі артып келе жатқанын айтты. Халықтың сот жүйесіне сенімі туралы заңгерлер не дейді?

Құндыз Өтебекова, адвокат:

Фото жеке архивінен

Халықтың соттарға сенімі артқан-артпағанын қоғам пікірін мұқият зерттеп барып айтуға болады. Менің қолымда бұл сауалға қатысты қандай да бір мәлімет жоқ. Сондықтан сот процесінде заңгер ретінде көмек сұраған клиенттерімнің пікірі шеңберінде баяндайын. Азаматтар адвокатқа көбіне сотқа сенбегендіктен немесе олардан көңілі қалғандықтан көмек сұрап келеді.

Былтыр күзде соттың апелляция сатысындағы әділетсіз және заңсыз шешімін жоя алдым. Клиентім соңына дейін соттың әділ шешім шығаратынына сенбеді. Қалалық соттан шыққан кезде «Әділет орнағанын бірінші рет көріп тұрмын» деп таңырқап, қуанған еді. Бұл — азаматтардың сот әділ шешім шығаратынына сенбейтінінің бір мысалы.

Тағы бір клиентімнің судьяның әділ шешіміне деген үміті ендігі үзілді деуге болады. Бұл іс туралы әлеуметтік желілерге және БАҚ-қа жаздым. Клиентім соттың барлық сатысынан жеңіліп қалды. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа заңсыз сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат жаздық. Енді жоғары инстанцияның шешімі әділ болады деп үміттеніп отырмыз.

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 6-бабы бойынша азаматтық іс жүргізудің негізгі принциптерінің бірі — заңдылық. Қазақстан Конституциясы мен нормативтік-құқықтық актілер дауларды шешуде заңдылықты талап етеді. Осы бапта сот істі әділдік пен парасат өлшемдерін негізге ала отырып шешуге міндетті екені жазылған. Мені де қатты алаңдататыны — судьялардың осы критерийлерді негізге ала бермеуі. Сонда да біздің судьялар білікті ғана емес, әділ болады деп үміттенемін. Қоғамның оларға деген сенімі сот төрелігін жүзеге асыру заңдылығы принципінің сақталуына тікелей байланысты.

Азаматтар мен ұйымдар өз құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін қорғау үшін сотқа арыздану құқығын пайдаланады. Бірақ бұл құқықты жүзеге асырудың тиімділігі көп факторға, соның ішінде қол жететін, білікті заң көмегінің болуына байланысты. Шынында, істің нәтижесі көбіне кәсіби заңгердің біліктілігіне байланысты. Өкінішке қарай, азаматтардың бәрі бірдей сотқа білікті заңгер әкеле алмайды. Осыған байланысты сот қорғауына қол жеткізу қағидасы толығымен іске асырылмаған.

Болатбек Ержан, заңгер:

Фото жеке архивінен

Негізінен азаматтық дауларды шешуге қатысатындықтан әкімшілік және қылмыстық істерді қарайтын соттан басқа сот органдары туралы пікір білдіргенім дұрыс.

Сот органдарына көзқарасым жақсы. Бұл салаға алғаш келіп жатқанда өзінің біліктілігімен және әділдігімен танымал аса кәсіби судьямен жұмыс істедім. Оның істі жүргізуі мен процеске қатысушыларға қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде болды. Кейін кезіктірген судьяларды сол кісімен салыстырып отырамын. Қызметімді бастағаннан бері әріптестерімнен «сот төрелігі ақшаға сатылады» деген сияқты сөздерді жиі естіп келемін.

«Судьядар мантиясын ақшаға немесе өзгелердің ықпалына айырбастай салады» деп қалай оп-оңай айтуға болатынын түсінбеймін. Өзім сот процесіне жиі қатысқалы бері бәрі айдан анық бола бастады. Сотқа сырттай шағымданатындар әдетте өзінің біліксіздігі мен іс жүргізудегі қатесін судьялардың сатылатынынымен ақтап алатынын түсіндім.

Сот органдары туралы айтқанда біздегі сот жүйесінің қаншалықты дамып жатқанын ойлаймын. Жүйені өзге институттармен салыстырамын. Сот жүйесінің дамуы, оның ішінде азаматтық сот жүйесінің дамуы өзге мемлекеттік институттармен салыстырғанда анағұрлым көшілгері. Жоғарғы сотқа Жақып Асанов келген соң соттардың іс жүргізу сапасы жақсарды. Судьялар істерді түсіндіре бастады, бұрынғыдан мәдениетті бола бастады. Іс жүргізудің техникалық мүмкіндігі жақсарып, сот қызметкерлерінің жалақысы өсті. Мұның бәрі сот жүйесіне деген сенімді арттырады.

Десек те, сот жүйесінде өзге институттардай жемқорлықтың бар екені рас. Бір жолы клиентім алып ұйыммен соттасқанда ұйымның сотқа қысым жасағанына куә болдым. Бірақ істі апелляцияда жеңдік. Осы іс және соттың жалпы жағдайы сот төрелігін іске асырушы мемлекеттік билік органына көбірек тәуелсіздік беріп, сот төрағасы қызметіне адамды сайлау арқылы отырғызу қажет екенін және оның өкілетін белгілі бір деңгейде шектеу керек екенін көрсетті. Судьяларды әкім сияқты жергілікті атқарушы органдардың қысымынан барынша қорғау керек. Атқарушы органдардың сотқа қысым жасауы облыстарда жиі байқалады. Мұны Жоғарғы сот басшылары да айтты.

Тайыр Назханов, адвокат:

Фото жеке архивінен

Адвокат болғаннан кейін күнде дерлік сот процесіне қатысамын. Біздің сот органдары прокуратураның ықпалында, әсіресе қарапайым халық салық қызметкерлері, әкім сияқты мемлекеттік билік өкілдерімен соттасқанда көбіне олардан жеңіліп қалады. Тәжірибемнен мысал келтірейін. Бір клиентім 18 жасқа толғанда оның жеке ақпаратын біреулер алып, клиентімнің атына құжат рәсімдеп, шетелден тауар әкелген. Бұл — 2011 жылы болған жағдай. Бірақ тауар әкелушілер кеден алымын төлемеген. Бұл істен клиентім бейхабар болған. 2016 жылы ғана кеден органынан хабарласып, оның 4 миллион теңгедей қарызы бар екенін хабарлайды. Клиентім кеденшілердің мұндай хабарламаны не үшін жібергенін түсінбей, прокуратураға арыз жазды. Прокуратура арызды салық органына жіберді. Арыз Алматыдағы Жетісу ауданының полиция бөліміне жеткенде ғана клиентімнің ол тауарға еш қатысы жоқ екені дәлелденеді, бірақ қарыз мойнынан алынбады. Кеден органының үстінен сотқа арыз бердік. Сотта тауар әкелуге қатысты құжаттарда оның қолы емес екені де сараптама нәтижесінде дәлелденді. Бірақ сот кеден органын жақтап, біз жеңіліп қалдық. Апелляцияға арыз бердік, онымыз қайтып келді. Бұл үкімді бұзуды сұрап, Жоғарғы сотқа өтініш жібердік. Қазір соның жауабын күтіп жүрміз. Бірақ бұдан да үміттеніп тұрғанымыз шамалы. Өйткені Жоғарғы сотқа кеткен 10 істің біреуіне ғана қайта қарауға рұқсат беріледі. Бұл — жүздеген істің бір ғана мысалы. Мемлекеттік органдарға арыз бергендердің өзі Қылмыстық кодекстің 130-бабымен («Жала жабу») немесе 131-бабымен («Қорлау») жиі айыпталады.

Судьялардың процесте этика сақтамауы да — жеке бір мәселе. Жақында екі адвокат судьяның сот процесіндегі мәдениетсіздігін аудио-видеоға жазды. Ол интернетке тарап кетті. Адвокаттар Жоғарғы сотқа судьялардың өзін қалай ұстайтынын көрсеткісі келді. Ал Нұр-Сұлтан соты Әділет министрлігіне бұл екі адвокатты лицензиясынан айыруды сұрады, сот өтініші орындалды.

Былтырдан бері бір блогермен соттасып келеміз. Әлеуметтік желіде менің жеке басыма және клиентімнің жеке басына қатысты мәдениетсіз сөз жазғанымен қоймай, сот процесінде де сол сөзін қайталап отырады. Бір жолы судьядан блогердің былапыт сөз айтуын тоқтатуды сұрадым. Сот арыз беруші блогерге ешқандай ескерту жасамады.

Дамыған елдердің барлық сотында алқабилер болады. Ал бізде олар айыпталушы өмір бойына жаза арқалауы мүмкін қылмыстық істе ғана сотқа қатысады. Меніңше, алқабилер барлық ауыр қылмыс пен азаматтық іс жүргізу процесіне қатысуы керек және олар шешімді ақылдасуға кеткенде судьямен бір кабинетке кірмеуі қажет.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Pitcher agency)