2019 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекстің 130-бабын («Жала жабу») қылмыс деп танымау және оны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Сол заң бойынша Қылмыстық кодекстің 419-бабымен («Көрінеу жалған сөз жеткізу») айыпталған адамның жазасы күшейді.

Бұған дейін күдіктінің біреуге жала жапқаны дәлелденсе, оны Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартатын. Бірақ Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі мүшелері бұл бапты әкімшілік құқықбұзушылық деп тануды ұсынып, Президент ұсынысты қабылдады. Жала жабудың жазасы жеңілдегенмен Қылмыстық кодекстегі «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабының жауапкершілігі күшейді. Бұған дейін жалған арыз берген адам 3 жылдан 7 жылға дейін сотталса, енді 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Есімбол Мамырханов, адвокат:

Фото жеке архивінен

Әуелі жала жабу мен көрінеу жалған сөз жеткізудің айырмасын біліп алайық. Олардың айырмасы біреу туралы өтірік айтудағы мақсатқа байланысты. Жала жабудағы мақсат — сол адамды қаралау, беделін түсіру немесе ар-намысына тию. Ал көрінеу жалған сөз жеткізген адам өзі айыптап отырған тұлғаның заң алдында жауап бергенін қалайды. Мысал:

а) Азамат Азаматұлы есімді адал прокурор бар дейік. Оның абырой-беделін түсіргісі келген адам көшеге оны парақор деп жазып қойды. Жазған адамның Азамат Азаматұлын түрмеге отырғызып, үстінен қылмыстық іс қозғайтын ойы жоқ. Тек оның парақор екенін бәрі білгенін, содан оның абыройына нұқсан келгенін қалады. Бұл — жала жабу.

ә) Адал прокурор Азамат Азаматұлының пара алатыны туралы жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазсаңыз, сіз оның жауапкершілікке тартылғанын мақсат етіп тұрсыз. Бұл — көрінеу жалған сөз жеткізу.

Менің ойымша, біреуге жала жабуды қылмыс деп танымай, ол бапты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске аударғаны, әсіресе сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистика үшін дұрыс болды. Жала жабуды Қылмыстық кодекске жатқызу орынсыз болып келді деп есептеймін.

Сонда да бұл баптың әкімшілік сотта қалай жұмыс істейтіні де қызықтырады. Өйткені бұған дейін «Жала жабу» бабы жеке айыптау мәселесі болған және жәбірленушілер көбіне күрделі сот дауларынан өтіп, жала жабушының кінәсін дәлелдеу үшін жүгіріп жүруді қаламайтын. Әкімшілік құқықбұзушылыққа аударылған соң айыпталушыны сот алдына әкелу полиция қызметкерлерінің мойнына артылады. Демек, бұл 130-бап бойынша жауапкершілікке тарту ісі көбейеді деген сөз.

«Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабына қатысты жауапкершіліктің күшейтілгенінен қандай да бір өзгеріс күтудің қажеті жоқ. Бірде-бір қылмыскер қылмыс жасар алдында бұл ісі үшін оны қандай жаза күтіп тұруы мүмкін екенін заңды ашып, қараған емес. Қылмыспен жазаны күшейту арқылы емес, адамдар оған саналы түрде бармайтындай етіп күресу керек. Сонда кез келген қылмыскер қылмысының бәрібір бір күні ашылатынын, ізін суытып кете алмайтынын түсінеді.

Тайыр Назханов, адвокат:

Фото жеке архивінен

«Жала жабу» бабы әзір Әкімшілік құқықбұзушылыққа аударыла қойған жоқ. Ал «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабы өзгертілді. Менің ойымша, «Жала жабуды» Қылмыстық кодекстен алып тастау — қате шешім. Оның себебін былай түсіндірейін: адамның материалдық және рухани байлығы болады десек, біреулерге рухани байлығы, яғни ар-намысы, ұяты бәрінен жоғары болады. Әлеуметтік желіде сондай адамға жала жабылып, пост жазылса, өзгеріс бойынша айыптаушы енді қылмыстық іс қозғата алмайды. Әкімшілік сотқа барып, өзіне жала жабылғанын дәлелдеп шығуы керек. Ол үшін әуелі арызды полицияға жазады. Біздің полицияның нашар жұмыс істейтінін білеміз. Солардың артынан материалды жинап бер деп жүреді. Ол жуық арада жинай қоймайды. Материал жиналмаған соң прокурор сотқа жібермейді. Соңында іс әкімшілік сотқа кетті дейік. Айыпталушының кінәсі дәлелденген күннің өзінде ол айыппұлды мемлекет бюджетіне төлейді. Ал бұл бап Қылмыстық кодексте болған кезде мемлекетке айыппұл төлеумен қатар жәбірленуші талап еткен ақшаны (соттың шешімі бойынша), оның адвокатының қызметін де төлеп беретін еді. Қазір әлеуметтік желіде бір-бірін қаралайтын адам көп. Енді жаза бұлай жеңілдесе, азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен қорықпауы мүмкін.

25 жылдан бері қылмыстық істермен айналысып келемін. Менің практикамда «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабына қарасты іс болған жоқ. Бұл істі қозғап, оны сотқа дейін апарған адам көрмедім. Сондықтан 419-бапты қажетсіз бап деп айта аламын.

Әсем Аульбекова, заңгер:

Фото жеке архивінен

Енді зорлық-зомбылық, қатыгездік көрсеткен азаматтың жазалануын сұрап, сотқа арыз жазу жағдайлары азаюы мүмкін. Өйткені арызданушы айыптап отырған адамының кінәсін дәлелдей алмай қалудан, солай болған жағдайда «Көрінеу жалған сөз жеткізді» деген айыппен 8 жылға дейін сотталып кетуден қорқады. Бұл сыбайлас жемқорлықты хабарлауға да қатысты. Жемқорлықтың куәсі болып, оны құзыретті органға хабарлағанда куәгердің дәлелі болуы керек. Жемқорлықтың болғаны дәлелденбесе, қылмыс туралы хабарлаған адамды осы 419-бап бойынша соттап жіберуі мүмкін. Жай ғана осындай қылмыстың болатынына немесе болғанына сезіктенгенін жазса да, осы баппен жазалануы мүмкін. Сондықтан бұл бап бойынша жазаның күшейтілуі адамдардың болып жататын қылмысқа енжар қарауына ықпал етеді деп ойлаймын.

Қылмыстық кодекстегі 130-бапты басқа заңнамаға ауыстыруды бұған дейін де көп сарапшы ұсынған еді. Өйткені жала жабу қоғамға аса қауіпті заңбұзушылық емес. Бұл бап бойынша көбіне журналистер айыпталып, олардың журналистік тергеу жүргізуі қиындайтын. Енді оларды жала жапты деп соттауды ешкім талап ете алмайды.

Қандай да бір тексеру жүргізуді сұрап, қызметтік арыз жазған адамның ісі де «жала жабу» деп қарастырылатын. Осындай жағдайларды ескерсек, бұл оң өзгеріс болған деп есептейміз.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Vladimir Podvorniy)