Нұрсұлтан Назарбаев Жақып Асановтан былтыр берген тапсырмасын сұрады

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жақып Асанов Нұрсұлтан Назарбаевқа сот жүйесін жаңғырту барысы туралы мәлімдеді.

Жоғарғы сот төрағасы соттардың қызметін жетілдіруге және судьялардың жұмысына деген халық сенімін арттыруға бағытталған 15 заң жобасы әзірленгені туралы баяндады, — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Кездесу барысында Тұңғыш Президент пен Жақып Асанов 2018 жылғы 19 қарашадағы кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуын да талқылады. Ақордада өткен сол кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев сот жүктемесін азайту, азаматтық процесті жеңілдету, сот ісін жүргізудің жылдамдығын арттырып, ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған еді.

Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шығаруы керек. Осыдан кейін, әрине, олардың сапасына қатысты сұрақ туындайды. Бұл істердің 30%-ы сотта қарауды қажет етпейді, — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент сол кезде кадр мәселелерінің бәрін Жоғарғы соттан Жоғарғы сот кеңесіне беруді де тапсырды. Оның айтуынша, судьялардың қызметтегі ілгерілеуі қоғам тарапынан бағаланатын кәсіби біліктілігі мен адалдығына ғана байланысты болуы тиіс. Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді де тапсырған еді.