Мамандар әуелі Қазақстандағы жалақы мөлшерін мысалға келтірді. «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңы бойынша 2020 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге болды, 2018 жылы ол 28 300 теңге болған еді. Биыл мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 16 839 теңге, ең төменгі зейнетақы мөлшері — 38 636 теңге, айлық есептік көрсеткіш — 2 651 теңге, базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі — 31 183 теңге.

Дүниежүзі елдерінде ең төменгі жалақы мөлшері түрліше есептеледі. Picodi.com ең төменгі жалақысы заң бойынша бекітілген 54 мемлекетті қамтып, зерттеу жүргізген. Талдау нәтижесінде Филиппин мен Гонконгта төменгі жалақыға салық салынбайтыны, басқа елдерде, мысалы, Румынияда салық салынбаған жалақы мен салық салынған жалақы арасында 40% айырма бар екені белгілі болды. Зерттеу негізді болуы үшін портал мамандары жұмыс істейтін адамның қолға алатын нақты сомасына сүйенген.

Жалақы

Ең төменгі жалақы мөлшерінің анағұрлым жоғары сомасы бойынша Люксембург (1 989 доллар), Австралия (1 923 доллар) және Ирландия (1 743 доллар) үздік үштікке енеді. Үздік ондықта Нидерланды, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Канада, Бельгия, Германия және Франция бар. Қазақстанда ең төменгі жалақыны (42 500 теңге) АҚШ валютасына ауыстырғанда 98 доллар болады.

Ең төменгі жалақының өсу қарқыны бойынша да рейтинг жасалған. 2020 жылы минимал жалақы дүниежүзі бойынша Нигерияда ең көп көтерілген (64,8%). Бірақ доллармен есептегенде бұл елдегі жалақы мөлшері — әлемдегі ең аз шаманың бірі — 74 доллар. Ең төменгі жалақысы қарқынды өскен елдердің үштігіне Әзірбайжан (бір жылда 37,7%) мен Аргентина (37,1%) да еніп отыр. Рейтинг мәліметіне қарағанда АҚШ, Испания, ОАР, Латвия елдерінде ең төменгі жалақы мөлшері 2019 жылдан бері еш өзгермеген.

Қазақстан бұл жөнінен рейтингінің ең соңғы 54-орнына жайғасты. 2020 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгермегенімен сақтандыру жарнасының қайта енгізілуіне байланысты жұмысшының қолына алатын сомасы 37 825 теңгеден 38 250 теңгеге, яғни 1,1% азайды. Ресейде ең төменгі жалақы 7,5%, Арменияда 25,2%, Беларусьте 13,6% өсті.

Жалақы

Портал азық-түлік бағасы мен ең төменгі жалақының қатынасы бойынша да рейтинг түзген. Зерттеуге нан, сүт, жұмыртқа, күріш, ірімшік, ет, жеміс пен көкөніс кіретін азық-түлік себеті негізге алынды. Қазақстанда ең төменгі азық-түлік себетінің құны ең төменгі жалақының 58,7%-і тұрады, яғни 22 200 теңге, көрсеткіш бір жылда 6,15% артып отыр. Былтыр елімізде азық-түлік себеті сол кездегі ең төменгі жалақының 54,7%-іне тең болды. Бұл Қазақстанда азық-түлік бағасы өссе де, жалақы көбейе қоймағанын білдіреді. Баға мен жалақының қатынасы жөнінен еліміз рейтингінің 48-орнына орналасты.

Азық-түлік бағасы мен төменгі жалақының азаматтарға ыңғайлы қатынасы Австралияда, Ұлыбританияда және Ирландияда байқалып отыр. Бұл елдерде азық-түлік себеті жергілікті ең төменгі жалақы мөлшерінің 7-7,3%-іне тең. Ал Нигерия мен Өзбекстанда ең төменгі жалақы ең қарапайым азық-түлік себеті құнының өзінен аспайды.

Жалақы