Ресей Үкіметінің жаңа басшысы — Михаил Мишустин

«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, ашық дауыс беру кезінде депутаттардың 383-і қолдайтынын білдірді, ешкім қарсы болмады, заң шығарушылардың 41-і қалыс қалды.

Дауыс беруден бұрын думадағы «Единая Россия» мен «Справедливая Россия» фракциялары Михаил Мишустин кандидатурасын бірауыздан қолдайтынын мәлімдеді. Ресей либерал-демократиялық партиясы да оны қолдауға әзір екенін білдірсе, РФ Коммунистік партиясы қалыс қалуды ұйғарды.

Михаил Мишустин өзін қолдағаны үшін депутаттарға алғыс айтты. Ол алдағы сәуір айында Мемлекеттік дума алдында министрлер кабинетінің жаңа бағыты туралы егжей-тегжейлі есеп беретінін мәлімдеді.

Маған сенім артқан Президентке, Мемлекеттік дума депутаттарына бүгін барлық мәселені мұқият қарастырып, Үкіметтің бағыты, іске асырылуға тиіс Президент жолдауы туралы талқылай алғанымыз үшін алғыс айтқым келеді, жақын арада, жұмысымыздың негізгі элементтерін айқындаған бойда сіздерге ол туралы міндетті түрде баяндаймыз деп ойлаймын, — деді Михаил Мишустин.

Жаңа Премьер-министрдің айтуынша, алдағы күндері Үкіметтің жаңа құрамы бекітіледі.

Президент Владимир Путин Михаил Мишустинді Премьер-министр етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Михаил Мишустин 1966 жылы 3 наурызда Мәскеуде туған. 1989 жылы қазіргі «СТАНКИН» Мәскеу мемлекеттік технология университетін тәмамдаған. Мемлекеттік қызметке 1998 жылы келіп, РФ Мемлекеттік салық қызметінің жетекшісі болды. 1999-2004 жылдары Салық пен алым министрінің орынбасары, кейін Жылжымайтын мүлік нысандары кадастры агенттігін басқарды. 2007-2008 жылдары РФ Ерекше экономикалық аймақтарды басқару агенттігінің жетекшісі, 2008 жылы UFG компаниялар тобының президенті, 2010 жылы РФ Салық қызметінің жетекшісі болып тағайындалды. Экономика ғылымдарының докторы, отбасылы, әйелі Владлена Мишустина екеуінің үш ұлы бар.

Еске салайық, бұған дейін Ресей Федерациясы Премьер-министрі Дмитрий Медведев пен оның министрлер кабинеті түгел отставкаға кеткен еді. Владимир Путин оны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады.