Пневмония — өкпенің қабынуы. Өкпе ағзаға вирус, бактерия, кейде саңырауқұлақ сияқты қоздырғыштар түскенде қабынуы мүмкін. Қытайда тараған типсіз пневмонияның қоздырғышы — коронавирус. Дәрігерлердің айтуынша, Қытай пневмониясының емі мен оған қарсы қолданылатын препарат болмай тұр. Бірақ өкпенің қабынуына көбіне адамның суық тиіп ауыруы себеп. Пневмониядан негізінен созылмалы аурумен ауыратындар сақтануы қажет.

Пневмонияға фарингит, тонзиллит және басқа да қабынулардың созылмалы түрі себеп болуы мүмкін. Мұндай аурумен ауыратындар күтініп, уақытында емделуі керек. Науқастарға массаж бен су процедуралары көмектеседі, — дейді Алматыдағы №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Баян Жүсіпова.

Алкогольге құмар адамдар да өкпенің қабынуынан барынша сақтанғаны дұрыс.

Алкогольді шектен тыс қолдану қан тамырларының жылуды реттеуін тежейді. Себебі алкогольді көп ішкенде тамыр тарылады. Арақ ішіп алып, суық жерде ұзақ жүрген адамның өкпесі бірден қабынады, — дейді дәрігер.

Пневмония — дүниежүзі бойынша балалар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі. Қыста балалар көбіне далада ойнайды, ал бұл — ауамен вирус көп таралатын мезгіл.

Мұндай кезеңде адамның температурасы түспей, жөтеле берсе, үйде өзі емделмей, дәрігерге жүгінгені дұрыс. Әйтпесе, қалай емдеуді білмей, ауруды асқындырып алуы мүмкін, — дейді Баян Жүсіпова.

№3 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Баян Жүсіпова
Баян Жүсіпова. Фото жеке архивінен

Басқа да аурулар сияқты пневмонияны да иммунитеті төмен адамдардың жұқтыру қаупі жоғары.

Сондықтан қыста төменгі температурада көп жүрмей, суық тигізіп алмаудың қамын жасау керек. Үйді жиі желдетіп, ауланы да таза ұстаңыз. Бірақ азынақ желден сақтаныңыз. Көп қозғалмайтын адамдар таза ауада жиі серуендегені дұрыс. Дене шынықтыру, суда жүзу, массаж, режиммен тамақтану — мұның бәрі пневмониядан басқа да ауруларды болдырмайды. Ұйқы режимін де сақтағаныңыз жөн, — дейді дәрігер.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!