Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің маманы Аслан Гучияев қорқор, электрон темекі, қыздырылатын шылым және темекі өнімдерінің басқа да баламасы адамға қаншалықты зиян екенін түсіндірді.

Өкінішке қарай, шылым шегу — қоғамымыздың әлеуметтік проблемасы, ал темекіге тәуелділік — ресми мойындалған ауру. Адамдар көбіне онымен өз бетінше емделуге тырысады, темекіге қатысты негізсіз долбарлар мен жаңсақ пікірлердің көп айтылатыны содан, — дейді Аслан Гучияев.

Маман темекі туралы кең тараған бірнеше мифті атады.

№1 миф: Темекі шегудің зиянсыз әдісі бар

Темекі шегудің зиянсыз әдісі жоқ. Қорқор, электрон шылым, қыздырылатын темекі мен басқа да сондай өнімдер кәдімгі темекі өнімі сияқты ағзаға зиянын тигізіп, рак ауруына себеп болады.

№2 миф: Темекі шегуден бас тарту мүмкін емес, денсаулық қалпына келмейді

Шылымқор адам ол әдеттен бас тартқаннан кейін дезинтоксикация процесі іске қосылады: ағза өзін-өзі белсенді тазартуды бастайды. Демек, темекіден уланудан болатын аурулар қаупі сейіледі, тіпті ағза жағдайы адамның темекі шекпеген кезіндегі қалпына теңеледі.

№3 миф: Темекі шегу шылымқорларға ғана қауіпті

Шылымқорлар ортасында отырған темекі шекпейтін адам темекі түтініне үйреніп қана кетпейді, сонымен бірге бірнеше ауруға шалдығуы да мүмкін. Өзгелерден шыққан түтін темекі шекпейтін адамның көзінің, мұрнының және жұтқыншағының шырышты қабығын тітіркендіреді. Біреудің тартқан темекісінің түтіні тынысалу жолдары инфекциясының таралуына, адамның жүректің ишемиялық ауруына, өкпе рагы мен демікпеге шалдығуына ықпал ететіні анықталған. Қазақстанда көбіне балалар мен жасөспірімдер ересектер тартқан темекінің түтінімен тыныстауға мәжбүр болады.

№4 миф: Темекі күйзелістен арылтады

Темекі шегу күйзелісті одан сайын арттырады. Темекі өнімдеріндегі никотин адреналиннің бөлінуіне ықпал етіп, адамның қан қысымын арттырады, жүрек соғысын жылдамдатады, қандағы қант деңгейін көтереді, бұдан адам күйзеліске төзімсіз болады. Темекі түтінімен бірге ағзаға көп зиян зат еніп, денсаулықты нашарлатады, ағза әлсіреген сайын да адам күйзеліске жиі ұшырайды.

№5 миф: «Жеңіл темекінің» зияны аз

«Жеңіл темекі» аталатын өнімдер де ағзаға кері әсер етеді, бірақ шылымқорлар бұл фактіні біле бермейді. «Жеңіл темекі» деген кезде адамдар шылым құрамындағы шайыр мен никотин деңгейі төмен деп ойлайды. Бұл — қате түсінік.

Темекі шегудің төңірегіндегі көп миф — ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмеудің салдары. Мифтердің бірқатарын темекі өндірушілер әдейі таратуы мүмкін. Жоғарыда аталғанның жаттанды тұжырымның бәрі жалған, олар темекіге қарсы күрес саясаты мен шылымнан бас тартуға күш салып жүргендердің әрекетіне кедергі болады, — дейді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының маманы.

Темекіден бас тартқан кезде денсаулық қалай жақсарады?

Аслан Гучияевтің айтуынша, темекі шегуден 40 жасқа дейін бас тартып үлгерген адамдардың өкпе рагына шалдығу қаупі 90% азаяды.

Темекі шегуді қойғаннан кейін:

  • 20 минут ішінде жүректің жиырылу жиілігі азайып, қан қысымы төмендейді;
  • 9 ай ішінде жөтел мен демігу бәсеңдейді;
  • 5-15 жылдан соң инсульт қаупі темекі шекпейтін адамның деңгейіне дейін төмендейді;
  • 15 жылдан соң жүректің ишемиялық ауруы қаупі де темекі шекпейтін адамның деңгейіне дейін төмендейді.