Мамандардың мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында темекі өнімдері өндірісі былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,8% немесе 11,6 миллиард талға азайды. Былтырғы қаңтар-қыркүйек айларында темекі өндірісі 4,9% немесе 12,7 миллиард талға көбейіп еді.

2018 жылы 18,2 миллиард тал темекі өндірілген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,2% көп.

Қазақстанда темекі бағасы кезең-кезеңмен көтеріліп жатыр. Energyprom.kz мәліметінше, осы жылдың қыркүйегінде темекінің бір қорабы орташа есеппен 436 теңге болды. Бұл 2018 жылдың қыркүйегіндегі жағдайға (қорабы — 391 теңге) қарағанда 11,4% жоғары.

Қазақстан бойынша ең қымбат темекі Қостанайда, қорабы — 461 теңге. Нұр-Сұлтанда 456 теңге, Ақтауда 452 теңге. Темекі бағасының тым жоғарылауы жағынан да Қостанай алда тұр, баға бір жылда 18,8% өскен. Оралда темекі бір жылда 14,5%, Алматыда 14% қымбаттаған. Темекінің бөлшек саудадағы бағасы еліміздің ірі қалаларында бір жыл ішінде қалай өзгергенін мына кестеден көруге болады:

Темекі бағасы кесте

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі электрон темекіні де қарапайым темекімен теңестіргелі отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясына тиісті өзгеріс енді. Мамандардың мәліметінше, бұл екеуінің денсаулыққа зияны бірдей. Сұйық және қыздырылатын темекіге (табак) салық салынады. Акциз құны — 7 345 теңге.

Жуырда АҚШ-та да темекінің балама түрлеріне сондай қатаң талап қойылды. Сан-Франциско мен Нью-Йоркта никотин гаджеттерін сатуға тыйым салынды. Ресейде де вейпинг девайстары мен темекі өнімдеріне бірдей талап қою қарастырылып жатыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, темекі шегу адамның тынысалу органдарына айтарлықтай зиянын тигізеді. Былтыр елімізде 100 мың адамға шаққанда 23,9 мың адам тынысалу органдары ауруларына шалдыққан. 2017 жылы көрсеткіш 24,8 мың адам болған. Мамандардың мәліметінше, бес жыл бұрын тынысалу органдары ауруларының көрсеткіші 2018 жылғыға қарағанда 6% аз болған. 2018 жылы тынысалу органдары ауруларынан 100 мың адамға шаққанда 87,1 адам қайтыс болған. Мұндай ауру көрсеткіші Қазақстанда 2010-2014 жылдары азайып, 2016 жылы күрт көбейген (12,2%).