Біздің кейіпкерлеріміз Архат Әшірбек пен Айгүл Дүйсекова — ерлі-зайыпты балет артистері. Олар Абай атындағы опера және балет театрында жұмыс істейді. Артистердің балеттен басқа тіршілігі қандай? Baribar.kz тілшілері артистермен бір күнді бірге өткізді.
Архат пен Айгүлдің отау құрғанына 2 жыл толды. Алина есімді қызы бар. Үйлеріне сағат 09.30-да бардық. Айгүл кешке жұмыстан келгенде тамақ жасауға дайын тұрсын деп ет турап жатыр екен. Алина әкесінің қолында. Екеуі де аптаның 6 күнінде күні бойы дайындықта болып, кешке қойылымда ойнап, үйге түнде жетеді.
Дүйсенбіде ғана демаламыз. Ол күні Алина жанымызда болады, үшеуіміз бірге далаға шығып қыдырамыз, дүкеннен азық-түлік әкелеміз. Қалған уақытта қызымызды жұмысқа шығарда ата-әжелеріне апарып, қойылымнан соң жолдан алып кетеміз. Бір аптада жиналып қалған үй тірлігін осы күні бітіріп алуға тырысамыз. Өміріміз театрда өтіп жатқандықтан кейде үй жинауға уақытымыз болмайды. Тамақ істеуге үлгермей жатсам, Архат пияз, картоп аршып, қолғабыс етеді. Алинаны ұстап отырғаны да көп көмек, — дейді Айгүл.
Алина бізді жатырқамады, бізге қарай ұмтыла берген соң әкесі де қызын қолымызға берді. Өзі Айгүлге тамақ дайындауға көмектесті. Кешке қандай ас мәзірі болатыны белгісіз, бірақ ет пен пияз қосылатыны анық болғандықтан оларды дайындап, мұздатқышқа салып қойды.
Декрет демалысынан енді ғана шықтым. Қойылымдағы рольдерім әзірше аз. Өз ролім біте салысымен спектакльдің аяқталғанын күтпей үйге қайтып кетемін. Ертерек келіп, кешкі ас дайындай беремін. Алинамыз дүниеге келгенде таңнан кешке дейін үйде отырдым. Көрерменнің алдына шығып қалған әрі ылғи қозғалыста жүретін маған бұл қиын болды. Жолдасым демалыста Алинаға өзі қарайтын. Қызымыз түнде оянса, маған ұйықтай бер деп, өзі жұбататын. Күні бойы баламен отырған әйел тұрмыстық тірліктен мезі болып кетуі мүмкін. Ол кезде жаңа қойылымдарға репитиция болып, Архат үйге кеш қайтып жүрді. Ол келгенше қызымыз екеуіміз ұйықтап қалатынбыз. Мені оятпай кешкі асын ысытып, өзі іше беретін, — деп жалғастырды балерина.
Жолдасы оны артист ретінде де түсініп, жұмысқа ерте шығуын қолдапты.
Күнде жаттығып, тер шығаруға үйреніп қалған біз үйде жатсақ, «ауырып қаламыз». Сахнаға бір рет шыққан соң оған тәуелді боласың. Онымызды жасырып «шаршадым, билегім келмейді» дейміз. Бірақ ол — өтірік. Іштей тағы да шыққымыз келе береді. Бір дегеннен әдемі билеп, рольді «ішіңе салып ала қою» қиын. Жіберген қателеріңді билеп жатып біліп тұрасың. Келесіде соны түзеу үшін де сахнаға аңсарымыз ауып тұрады, — дейді Архат.
Ерлі-зайыпты Александр Селезнев атындағы хореография училищесінде оқыған. Айгүлдің айтуынша, жолдасы қазір басты рольдерді ойнап жүр. Олардың қатарында «Бақшасарай фонтанындағы» Нұрәли, «Ромео мен Джульеттадағы» Джульеттаның ағасы Тибальт, «Сильфида» спектакліндегі Джеймс бар. Жақында «Махаббат аңызы» спектаклі қойылады. Архат Әшірбек мұнда басты роль — Ферхадты ойнайды. Ал Айгүл Дүйсекова тұрмысқа шықпай тұрып карьерасын жасауды ойлағанымен қазір отбасына көп көңіл бөледі. «Шахерезада» спектаклінде Зибейданы, «Ромео мен Джульеттада» синьора Каппулеттиді, «Дон Кихотта» Мерседесті ойнап жүр.
Алинамыз туған соң баламның, отбасымның аман болуын көп ойлайтын болдым. Отбасымды бірінші орынға шығардым. Сол себепті театрда қай рольді берсе, соны билеймін, — дейді балерина.
Архат Ферхад партиясын ойнау үшін арықтап жүр. Өйткені бұл рольді алып шығу дене қимылы жағынан ауыр. Бір жағынан сахнада серігін көтеретін сәт көп.
Училищеде 1-курстан классика биін дуэт болып билеу сабағы басталады. Сахнада қызды көтеруді 3 жыл үйретті. Бірінші жылы еденде қызды ұстап тұруды үйренеміз. Сахнадағы әріптесіміз бір аяғын көтеріп, еденге екінші аяғын тірегенде жанында сенімді тіреу болып тұруымыз керек. Келер жылы қызды бойымызбен бірдей деңгейде көтереміз. Оны «екінші қабат» дейді. Ал соңғы жылы сахнада қызбен билейтін партиялардағы элементтің бәрін үйреніп шығамыз. Бұл «үшінші қабат» деп аталады, — деді Архат Әшірбек.
Алинаның ұйықтайтын уақыты келді. Ол ұйықтамай тұрып үйді шаңсорғышпен тазалап үлгеру керек. Оның үстіне, балақай шаңсорғыштан қорқады. Әкесі оны тазаланған бөлмеге алып кетті.
Ерлі-зайыпты артистер қыздарының балерина болғанын қаламайтынын айтты.
Біз бала кезден таңнан кешке дейін оқу оқып, жаттықтық. Бала болып ойнау аз, демалыста да ойынның қызығына беріле алмайтынбыз. Жазғы демалыстың өзінде байқаудан байқауға барып жүретінбіз. Сол себепті балаларымның басқа салаға барғанын қалаймын. Бірақ балетке физикалық қабілеті келіп, өзі де құлшынып тұрса, қарсы болмаймын, — деді Айгүл Дүйсекова.
Алина шыдамады. Үйреншікті кереуеті — бесігіне құлай кеткісі келіп тұр. Бұл — Айгүл жатқан бесік. Анасы қызын бесікке бөлеп жатса да, ұйқы көзіне тығылса да, Алина бізге қарап елеңдей берді.
Тетрда қойылым 18.30-да басталады. Репитицияға бүгін 12.00-де бару керек. Алина да әке-шешесінің жұмыс уақытын білгендей үйден шығуға жарты сағат қалғанда оянды. Әлі де уақыт бар екенін білген соң аулада қыздарын ойнатып алды. Жолдан Алинаны ата-әжесіне қалдырып, ары қарай театрға кеттік.
Ерлі-зайыпты артистер барлық балет труппасымен бірге кешке спектакль болсын-болмасын, 1 сағат дене қыздыру жаттығуын жасап алады. Бұл өздерін формада ұстап жүру үшін керек. Содан кейін қыздар мен ерлер тобы өз рольдеріне дайындалуға жеке залдарға бөлінеді. Басты рольді ойнайтындар бөлек дайындалады.
Сағат 17.00-ге дейін жаттығып, артистер кезекпен грим залына кіріп жатты.
Архаттың әкесінің ағасы балет артисі болған. Оның сахнадағы биіне кейіпкеріміздің анасы қызығып, баласының да сахнада солай билегенін қалапты. Ал Айгүлдің анасы балерина болуды армандаған. Өзінің балет сахнасына шығуға мүмкіндігі болмаған соң қызын балет мектебіне беріпті.
Бүгін театрда — «Щелкунчик». Бұл ертегінің желісі бойынша Мария мен ханзада ертегіге түсіп, Жаңа жылға арналған мерекелік балға қатысады. Жаңа ғана қимылсыз жүрген қуыршақтар тіріліп, үлкейеді де, сол балда билейді. Спектакль жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қойылады.
Архат бірінші актіде маска киіп, Арлекин қуыршағын, үшіншіде қытай қуыршағын сомдайды. Айгүл болса, Шығыс қуыршағы болып билейді. Бұл рольді театрға кірген 14 жыл бойы ойнап келеді. Грим жасалды, костюм киілді. Енді театр артына барып, әркім өз рольдеріне кіре бастайды, сахнаны сезінуге тырысады. Біздің кейіпкерлеріміз де сахна артында бір дайындалып алуды артық көрмеді.
«Щелкунчикті» көре алмадық. Есесіне сахна сыртында қойылым басталар алдындағы балет артистерінің дайындығына куә болдық. Архат пен Айгүлді балет артистерінің зейнетке шыққанға дейін билеу керек екені қынжылтады. Ал балеттің ғұмыры қысқа. Театрдан соң ерлі-зайыпты педагог болуды жоспарлап жүр.