Балетпен айналысатынымызды айтуға ұялатынбыз

Әсел: Балетпен айналысуыма әпкем себепші болды. Өзі де осы салада жүр. Кішкентайымнан түр-сипатыма қарап, «сенің балетке ыңғайың бар» деп хореографиялық училищеге оқуға әкелді. 9 жасымда Алматыға оқуға түстім. Бастапқыда балеттің қандай би екенін түсінбейтінмін. Ойын секілді немқұрайлы қарап жүрдім. «Бір нәрсені қаза берсең, түбі көрінеді» деген сияқты, қазір бұл мамандықты енді тереңінен танып келе жатырмыз. Азамат екеуміздің балетте жүргенімізге биыл 15 жыл болды.

Азамат:  Ата-анамның жолын қуған перзентпін (жымиды). Асқар Ниязбеков пен Ақмарал Ілиясова есімді солисттерді естіген боларсыздар. Осы кісілердің ықпалымен балетке келдім. Кішкентай кезімде достарымызға балетпен айналысатынымызды айтуға ұялатынбыз. Сөйтіп, біраз уақыттан соң достарымды біртіндеп театрға шақыра бастадым. Қазір олар маған түсіністікпен қарайды.

Әсел: Екеуміз де өнер адамы болғандықтан шығар, бір-бірімізді тілсіз түсінеміз. Мысалы, репетициямыздың кешке аяқталатынын, жұмыстың қиындығы мен дайындық керегін білеміз. Ал екеуміздің біреуіміз басқа мамандық иесі болғанда, түсінбеушілік болуы мүмкін еді. Сол үшін ерлі-зайыптылардың бір маман иесі болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Азамат: Шынымен де, екеуміздің біреуіміз басқа саланың маманы болғанда отбасын құру қиын болар еді. Өйткені бізде тұрақты уақыт графигі жоқ. Қазір Алматыда жүрсек, екі сағаттан кейін Астанаға ұшу керек жағдайлар жиі болып тұрады. Ерлі-зайыптылар арасында осындай кезде түсінбеушілік болады. Жалпы, үнемі бірге жүре бермейміз. Кейбір партияларда менің партнерім Әсел емес, басқа қыздар болуы мүмкін немесе керісінше болады. Мұндай жағдайда бір-бірімізді қызғанбаймыз.

Балет
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Қыздарға солист болу қиын

Әсел: Балетте қыздардың арасында бәсекелестік өте жоғары. Солист болу үшін өте көп еңбектендім. Әр партияның кордебалетінде тұрдым. Яғни, массалық билердің орындаушы бишісі болдым. Театрға алғаш келген кезде осындағы жақсы солисттерге еліктеп, солар секілді болуға талпындым.

Азамат: Ұлдарға қарағанда қыздарға солист болу қиын. Мектепте оқып жүргенде театрда «Ромео мен Джульетта» деген спектаклде Паристің рөлін ойнадым. Ресейден келген Юрий Гриогорьевич есімді балет қоюшы мені сол кезде театрға таңдап алды. 17 жасымнан бері балетте солист болып қызмет атқарамын.

Әсел: Солист — спектакльдің жүрегі. Яғни, қойылымдағы ең басты кейіпкер. Сахнадағы жағымды аураны қалыптастыру солистке байланысты. Көрермендер кез келген уақытта сахна артындағы көпшілікке емес, тек солистке қарайды. Сол үшін әр партияны сезініп ойнауға тырысамыз. Солист болғанға дейін таңғы 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін дайындалатынмын. Қазір тек өз партиямның маған берілген биіне ғана дайындаламын. Сол үшін де театрда таңғы 10.00-ден түскі 14.00-ге дейін боламын.

Азамат: Солистер партиялардағы өз міндеттеріне ғана дайындалады. Бұрын кардобалетте тұрғанда бәрін күткендіктен, уақытымыздың көп бөлігі театрда өтетін.

Балет
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Балет бишісіне қойылар талап көп

Азамат: Балет бишілеріне сахнада өнер көрсетуде жасына шектеу қойылмайды. Егер денесі үнемі қозғалыста болса, жүре беруіңізге болады. Мәселен, біздің театрдан 40-50 жастағы кісілерді кездестіресіздер. Мысалы, Әселдің жетекшісі Сәуле Рахмадиева 49 жаста. Түрі мен сымбатына қарап, бұл жасты бермесіңіз анық. Өнер адамдары өзін-өзі күткеннен жақсы сақталады.

Әсел: Балет бишісіне салмақ қосуға болмайды. Міндетті түрде диета ұстау керек. Үйленген кезіміздің алғашқы үш айында Азамат 15 кг салмақ қосты. Театрда сөгіс алып, қызық болған еді (күлді). Қазір жарты жылдың ішінде 95 кг-нан 20 кг салмақ азайтты. Ал менің табиғатым осындай. Мүлде салмақ қоспаймын. Тамақты қаншалықты көп жесем де, толған емеспін (күлді).

Азамат: Үлкен салмақпен жүрген өте ыңғайсыз. Биші болған соң жиі қозғаламыз. Сол кезде тобық пен аяғымыз ауырады. Дем алуға қиналамыз. Оның үстіне сахнада үлкен салмақпен көрінген ыңғайсыз. Балетке үлкен махаббатпен келу керек. Атақ-даңқ немесе ақша үшін келген адам бәрібір ұзақ жүрмейді.

Әсел: Балет бишісі болам деген жандарға көп еңбектену және шыдамдылық керек. Сосын бастысы — ата-анаға шағымданбау. Шағымдана берсең қай істе де ісің алға баспайды.

Балет
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Қазақстандық балет бишілері шетелден мықты

Азамат: Әр түрлі фестивальдер мен концерттерге жекелей немесе театр ұжымымен жиі шақырту аламыз. Осы жылы театр ұжымымен бірге Италияға барып, «Лебединое озеро» балетін қойдық. Былтыр Грецияға «Ұлы дала аңыздары» мен «Шахерезада» балетімен барып келдік.

Әсел: Азамат екеуміз халықаралық конкурстарға жиі барамыз. Қазір жасымыз келіп қалғандықтан, бәріне қатысып қалуға тырысып жүрміз. Негізі балет бишілері 23-24 жасқа дейін жарысқа қатысып алу керек. Әйтпесе, ересек саналады.

Азамат: Иә, дұрыс айтады. Жарыстардан да жүлделі қайтатынымыз рас. 2013 жылы Америкадағы «Нью-Йорк» конкурсында Әсел үшінші орын алды. Сондай-ақ, 2015 жылы Түркиядағы байқауда бірінші орын иеленді. Қазір жасымыз келген соң жарысқа қатыса алмаймыз.

Қазақстандық балет бишілер шетелмен салыстырғанда өте мықты. Шетелдің қай жеріне барсақ та қазақтың бұрынғы балет әртістерін көріп қаламыз. Бұл біздің ұлтымыздың мықтылығын білдерді. Алайда шетелде өзге ұлттарды өсірмейді, дұрыс көзқарас танытпайды. Сол үшін шетелдегі қазақтарда өсу болмайды.

Балет
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Сахнада аяғымды сындырып алдым

Әсел: Білесіз бе, балетте сахнадағы түрлі қателіктерді, қиын жағдайларды білдірмеу керек. Өйткені көрермен сен үшін келіп отыр. Еңбегін бағалау керексің. Сол үшін жан-тәнімізбен берілеміз.

Театрдағы ең алғашқы спектаклім «Лебединое озеро» қойылымы болды. Кішкентайымнан кез келген жағдайға қорықпайтын болғандықтан, аса қатты қобалжымадым. Оның үстіне күйеуіммен билегенде сенімді қолда тұрғанымды білемін.

Азамат:  2012 жылы «Юнона и Авось» деген спектаклінде аяғымды сындырып алдым. Сахнада дұрыс секірмегендіктен осылай болды. Бірақ биді аяқтап шықтым.

Азамат: Мына оқиға есіме түсіп тұр…Әсел алғаш «Лебединое озероны» билегенде оған тұрмысқа шығуға ұсыныс айтқым келді. Театр директорынан рұқсат алдым. Сөйтіп, қойылым аяқталған соң гүл беріп, сақина ұсындым. Ол мұны күтпеген еді. Бастапқыда түсінбей, жылап жіберді. Сөйтіп, ұсынысты да театрда жасағанмын. Бізді табыстырған балет болғандықтан да, мен мамандығымды жақсы көремін.

Балет
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Балеттің ғұмыры ұзақ емес…

Азамат: Осы сенбіде «Махаббат туралы аңыз» спектаклі болады. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Бұдан бөлек жеке бизнеспен айналысқымыз келеді. Қазір екеуміз балеттің арнайы киімдерін тапсырыспен тігеміз. Балеттің ғұмыры ұзақ емес. Сондықтан болашақта әрі қарай жеке кәсібімізді дамытқымыз келеді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.