Соңғы мәлімет бойынша Австралиядағы орман өрті 6,3 миллионнан астам гектар жерді жайлаған. Жүздеген үй өртеніп, 28 адам қаза болған. Қосмекенділерді, жәндіктерді және басқа да омыртқасыздарды қоспағанда миллиардтан астам жануар (сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар) қырылды. Австралия ұлттық метеорологиялық қызметінің дерегінше, 16 желтоқсанда ауа температурасының жоғарылауы рекорд көрсеткішке — 41,9 градусқа жетті. Мұндай ыстық соңғы рет 1910 жылы болған.

Пәкизат Сайлаубекова, эколог:

Пәкизат Сайлаубекова
Фото жеке архивінен

«Биологиялық айналым» деген термин бар яғни, Жердегі жан-жануар, өсімдік, ауа, су — бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Климаттың құрғауы жел мен қуаңшылыққа себеп болып отыр. Ал орман өртенгенде ауаға көмірқышқыл газы бөлінеді. Ол адамға, жалпы климатқа зиянын тигізбей қоймайды. Біз мұндай жағдайға жанама түрде әсер етеміз. Жыл сайын халық саны, оның энергияны, басқа да дүниені пайдалануы арта береді. Электр энергиясын алу үшін Жер қабатынан табиғи отын жұмсалады. Осының бәрі атмосфераға әсер етеді, бірнәрсе азайып, енді бірнәрсе көбейеді. Сондықтан Австралиядағы орман өрті кішкентай белгі емес, бұл — кез келген жерде қайталануы мүмкін үлкен қатер. Кейбір дерек Антарктидада да өрт болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Біз «Антарктидада үнемі қар, қайдағы өрт?» деп ойлап, мән бере бермейміз.

Австралияның мал дәрігерлерінен тұратын бір отбасы 90 мыңға жуық жануарды құтқарып қалғанын оқыдым. Жергілікті халық мүмкіндігінше көмек беріп жатыр. Волонтерларды жұмысқа ынталандыру үшін Австралияға көмек ретінде қор немесе банктен шот ашу керек шығар. Жануарларды да түріне, жойылып кету қаупіне қарай есептеу керек.

Қоршаған орта құбыла береді. Тек біз оның ізімен ойымызды, табиғатқа көзқарасымызды өзгертуге міндеттіміз. Экологияның енді өзінен-өзі жақсармайтынын, оған күнделікті ісімізбен көмектесетінімізді түсінуіміз керек. Қарапайым қалдықты сұрыптау, оны қайта өңдеу пунктілеріне өткізу, электр энергиясын аз жұмсаудың пайдасы болады. Күннен энергия алатын батареяларды қолдану да — бір балама әдіс.

Әйгерім Жақсылық, ветеринар:

Әйгерім Жақсылық
Фото жеке архивінен

Бұған дейін Австралия құрлығында өрт болса, таңғалмайтын едік. Осы жолғы өрттің, одан келген зақымның ауқымы үлкен. Жануарларды құтқаруда да ветеринарлар дәрменсіз. Құтқару тобы аман алып қалса ғана мамандар көмек береді, күйіп қалған жануарды қарапайым тәсілмен емдейді. Ең маңызды қатер — өте сирек кездесетін, тіпті Австралиядан басқа жерде тіршілік етпейтін жануарлардың қырылуы. Мысалы, кенгуру, коала, үйректұмсық, ехидна, вомбат (қалталы аю). Австралияның фаунасы ерекше. Сондықтан оның өртенуі — бүкіл әлем үшін катастрофа.

Тимур Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары:

Тимур Елеусізов
Фото жеке архивінен

Орман жойылса, экожүйе құлдырайды. Себебі ағаш өртенгенде көмірқышқыл газы бөлінеді. Мұндай жағдайда адамның қолынан келер шара — жаппай ағаш егу. Осылай шамамен 10 жылда сол жерде қалыптасқан биоалуантүрлілікті қайтаруға болады. Адамның қолы қатты күйсе, жарасы біртіндеп қана жазылады. Сол сияқты табиғатты да емдеп жазуымыз керек.

Австралияда 8 миллион гектар жер өртенді деп жатыр. Ормандағы ағаштың ең кәрісі шамамен 150-200 жаста болуы мүмкін. Жануардың қаншасы қырылғанын хабарлағанымен нақты санын ешкім айта алмайды. Одан қалса, жәндіктер бар.

Біз Алматыны көгалдандыруға көңіл бөліп отырмыз. Әкімдік 78 гектарды көгалдандыруды тапсырған. Соның өзі — үлкен жұмыс. Дегенмен біздің қосар үлесіміз теңіздің тамшысындай ғана. Табиғаттың, өсімдік пен жан-жануардың жағдайы әлемде мәз емес. Қазақстанда да уақыт өткен сайын орман жойылып жатыр. Өмір сүріп жатқан жерімізді ойласақ, айналамызға ағаш егуді әдетке айналдыруымыз қажет.

Әлбина Әуесқан, ветеринар:

Әлбина Әуесқан
Фото жеке архивінен

Құтқару тобының өзі қауіпті аймаққа әрең барғанда ветеринарлардың жануарларды аман алып қалуы, әрине, мүмкін болмай тұр. Мамандардың жануарды жаңа ортаға қайта бейімдеп, кахексияға (жануардың жүдеуі) ұшырап қалмауын қадағалаудан басқа шарасы жоқ. Тек дала жануарының белгілі бір аурумен ауырмайтынын анықтап алу керек. Жануарларға қатысты ескеретін дүние өте көп. Содан кейін ғана оны көбейте алады.

Онсыз да өрттен қырылып жатқанда су жетпегені үшін түйелерді өлтіреді екен дегенді де естідік. Мүмкін болса, түйелерді басқа жаққа жіберіп, аман алып қалу қажет. Құстар мен кеміргіштерге алаңдамауға болады. Құс ұшып кетеді, ал тышқан тез көбейеді. Жылда орман өртенетін болса, оны болдырмаудың, сөндірудің амалын қарастыру керек еді. Бірақ өрттің осынша жерді шарпып өтетінін кім білсін?

Аида Әлімбекова, экобелсенді, блогер:

Аида Әлімбекова
Фото жеке архивінен

Кез келген өртке табиғи катаклизмнің әсері 6% болса, адамның ықпалы 30-40% шамасында. Бұған табиғат аясында шоқты дұрыс сөндірмеу, қауіпсіздікті сақтамау және тағы басқа іс-әрекет жатады. Австралиядан тараған мәліметке сүйенсек, өрт адамның абайсыз жасаған әрекетінен тұтанған болуы да мүмкін. Мұндай оқиға — Жер температурасы жоғарылап жатқанының, оны бүкіл әлем сезінетінінің дәлелі. Өрттің кесірінен экожүйе құриды, жануарлар зардап шегеді. Орман қалпына келгенімен кей ағаштың қайта өсуіне біраз уақыт керек. Жасыл-желек өртеніп, жануарлар жойылса, адамның өмір сүруі де қиындай түседі. Дәл қазір адамға қауіп төніп тұр деп айта алмасақ та, жүре келе бұл проблемаға кезігеміз.

Тұрмыс қалдығын сұрыптаған жақсы. Бірақ бұл қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін алғашқы іс емес. Бірінші кезекте затты пайдалануды, азық-түлік, киім-кешек, жиһаз және басқа да кез келген дүниенің жаңасын сатып алуды азайтуымыз қажет. Бұл оңай емес. Себебі біз консюмеризм ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Айналамызда кез келген адамның бюджетіне лайық тауар бар, яғни сатып алу мүмкіндігі көп. Экономика, маркетинг тауарға деген сұраныс азаймағанын қалайды. Бұл жақсы болғанымен біздің қалауымыз бен бір затқа деген сұранысымыз шексіз. Сондықтан сатып алу мен қолдануды азайтуымыз керек.

Екіншіден, бар затты ұзақ пайдалануды әдетке айналдырғанымыз жөн. Киім жыртылса, тігіп, сынса, қайта жөндеп, қолдануға жарамаса, оны басқа нәрсеге пайдалануды қолға алған дұрыс. Мысалы, кастрюль тамақ істеуге жарамаса, оны өткізбей тұрып, басқа не құрастыруға болатынын ойлаңыз. Қазір тағам қалдықтарын алатын фермалар бар. Тағы ескеретін нәрсе — энергияның балама түрін пайдалану. Электр энергиясынсыз өмір сүре алмайтын заманда оны өндіру жағын да қадағалау керек. Бұл енді — мемлекеттің мүмкіндігіндегі жұмыс. Біз бұған ақырындап келе жатырмыз.