Алматыда ағашты бейберекет егу мен кесуге тыйым салынады

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоспарды жасау кезінде кәсіби мамандар қаланың жасыл желегі мен оның қазіргі жағдайы зерттеді. Оның қорытындысына қарағанда қаладағы жасыл желектің жалпы көлемі небәрі — 894 гектар, яғни бір адамға 4,8 шаршы метрден келеді. 70-80 жылдары бұл көрсеткіш 10 шаршы метр болған.

Жасыл желек көлемінің азаюы қала көлемі мен адам санының артуына байланысты болып отыр, — деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Кейінгі 3 жыл ішінде Алматыда 134 мыңға жуық ағаш егілген. Биыл 140 мың түп ағаш егіліпті. Әкімдік мамандары миллион түп ағаш пен бұта егілсе, айтарлықтай нәтиже беретінін есептеп шығарған. Жасыл желек 118 миллион келі оттегі бөледі, қаланы жасылдандыру аймағы 5 000 шаршы метрге дейін жетеді, жол жиегіндегі шудың деңгейі 40%, жасыл аймақтан 1 шаршы метр радиустағы шаң деңгейі 75% төмендейді. Бұдан қаланы абаттандыру деңгейі де артады, демалыс аймақтары, скверлер мен саябақтар көбейеді.

Қаланы жасылдандырудың барлық жұмысы бірыңғай жүргізілуі керек, ағаштарды бейберекет егуге немесе кесуге болмайды. Біз мастер-жоспарды сол үшін жасап жатырмыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жиында дүкендер мен басқа да кәсіпкерлік нысандарының қасбетін жауып тұратын ағаштарды кесуге тыйым салынатыны айтылды. Кесілген ағаш орнына егілетін жасыл желек саны артады және бұған бақылау күшейеді.

Бақытжан Сағынтаев қаланы жасылдандырудың мастер-жоспарын толықтыруды және мазмұнын нақтылауды, әсіресе питомниктердің қуатын есептеу, жасыл желек егу мен оны күтіп-баптаудың бірыңғай ережесін жасау сияқты нақты шараларды қарастыруды тапсырды.