Басты бетЖаңалықтарТаяу Шығыстағы...

Таяу Шығыстағы ахуал: Ақордада қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-министрдің орынбасарының, Қауіпсіздік кеңесі хатшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Сыртқы істер министрінің, Қорғаныс министрінің, Ішкі істер министрінің және Қарулы Күштер Бас штабы бастығының қатысуымен кеңес өткізді.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады.

Қазақстан Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажет екенін айтты. Оның айтуынша, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең әуелі бұл іске БҰҰ-ны араластыра отырып және екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеуге болады.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатия өкілдіктері мен компания кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шараларды қолға алуды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпарат алу және талдау жұмысын күшейтуді тапсырды. Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларына зымыранмен соққы бергені хабарланған еді. Press TV телеарнасы Иран жасаған соққыдан 80 адам қаза тапқанын хабарлады.

3 қаңтарда АҚШ Әскери-әуе күштері Бағдатта Иран революциясы сақшылары корпусы әскери-саяси құрылымының әл-Кудс арнайы бөлімшесін басқаратын генерал Касем Сулейманиді әуе соққысымен өлтірген еді. Бұл жайт аймақтағы ахуалдың шиеленісуіне себеп болды. Иран революциясы сақшылары корпусы АҚШ-қа жауап ретінде арнайы операция бастайтынын мәлімдеді. 8 қаңтарға қараған түні Иран АҚШ-тың әскери контингенті орналасқан Ирактағы Эйн-әл-Асад және Эрбил базаларына «жер-жер» класты зымырандарды тастады.