Мектепте ақша жинаған ұстаздар жұмыстан қуылады — министрлік

 

«Бізде министр бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салу бойынша нақты қағидалар бекітілген. Ол бұрыннан бар, бұл бірінші рет шығып отырған бұйрық емес. Ол туралы барлық білім беру департаменттері мен бөлімшелеріне айтылды. Біз мектептерде ақша жинауға тыйым салуға қатысты саясатты қатаң ұстанамыз. Бірақ бұл талап жергілікті жерлерде бұзылып жатады», — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, осы бұйрықты бұзған қызметкерлерге қатаң жаза қолданылады. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін баруы мүмкін.

«Біз барлық оқиғаларға қатаң шаралар қолданып келеміз. Оны жіті бақылап, ата-аналармен бірге ақша жинауға мүлдем қарсы екенімізді білдіреміз. Мектепте оқушылардың ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салу туралы министр бұйрығы барлық облыстың, Астана мен Алматы қалаларының білім беру департаменттеріне жолданған. Ақша жинауға жол берген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейін барамыз», — деді Эльмира Суханбердиева.

Айта кетейік, ҚР Білім туралы Заңның 63-бабында ерекше жағдайларды қоспағанда, оқушылардан және педагог қызметкерлерден ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады деп көрсетілген.

ДереккөзҚазАқпарат