Алматыда мүгедектігі бар балаларға арналған «Алматының қызыл алмасы — мықты және бақытты отбасы символы» қайырымдылық фестивалі сегізінші жыл өтті. Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясына өнерлі бүлдіршіндер мен ата-аналар, ұстаздар жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мерекенің балалар үшін мәні зор. Олар мұнда өзін жеке тұлға әрі үлкен ұжымның мүшесі ретінде сезінеді. Мүгедектігі бар балалар сахнада өнер көрсету арқылы көпке бейімделеді, ашылады.
Фестивальге 5 пен 16 жас аралығындағы аутизммен ауыратын, жүйке жүйесіне зақым келген, есту және сөйлеу қабілеті нашар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 23 бала қатысты. Олармен бірге өнер көрсетуге тағы 189 оқушы келді. Қатысушылар ән де шырқады, биледі. Барабан мен рояльда ойнап, өлең оқыды.
Мирон Спириков биыл фестивальге бірінші рет қатысты. Оның анасы Ольга Спирикова ұлының өнер көрсеткеніне қуанып, ризашылығын білдірді.
Ұлымның мұндай фестивальге қатысуы біз үшін өте маңызды. Мирон өзін басқа қырынан танытты, көптің алдына шығып, ертегі айтты, ән шырқады. Дайындық кезінде-ақ фестивальге қызығып, балаға деген қамқорлық пен мейірімді сездік. Ең бастысы — бүгін қатысушылардың бірігіп, бір отбасының баласындай жұмылуы. Олар ауруды ұмытып, өздерін белсенді, бақытты, талантты тұлға ретінде сезінді, — дейді Ольга Спирикова.
Фестивальді Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты Алматы Мемлекеттік жастар саясаты қорымен бірлесіп ұйымдастырды. Институт өкілдері мүгедектігі бар балаларға өзін тануға, өзіне сенімді болуға және басқа адамдармен тығыз байланыста өмір сүруге мүмкіндік беруді басты міндеті деп есептейді. Мерекеге дайындық кезінде ұйымдастырушылар балалардың жеке мүмкіндігі мен шығармашылық талғамын ескерді. Балалар фестиваліне «Күзет» мамандандырылған күзет бөлімшесі» акционерлік қоғамы демеуші болды.
Бұл фестивальге жылда өнерлі балалар қатысады. Оларды қолдауға түрлі шығармашылық топ келеді. Мұндай мереке әр баланың өзін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік беретін жақын ортасына айналды. Біз балаларға өзіне сенуді, жақсыдан үміттенуді үйреттік, қуаныш сыйладық деп ойлаймын. Осы фестивальдің жақсы өтуіне көмектескендерге алғысымды айтамын, — деді ұйымдастырушы, Қазақстан және Орталық Азия отбасы институтының (ISKITSA) директорлар кеңесінің мүшесі Эльмира Әлиева.
Қатысушылар сахнада өнер көрсетуге ұзақ дайындалған. Өнерпаздардың кейбірі кластастарымен бірге ән салып, би билесе, енді бірі сахнаға отбасы мүшелерімен шықты. Фестиваль соңында өнерлі балалардың бәріне сертификат пен жаңажылдық сыйлықтар берілді.