Қасым-Жомарт Тоқаев Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында митинг ұйымдастыру тәртібін өзгертуді көздейтін «Бейбіт жиналыстар туралы» заң жобасы жөнінде айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
Митинг ұйымдастыруды ескерту қағидасын енгізуге кірісу керек. Қоғам санасына митинг өткізу мәдениетін сіңіретін кез келді. Қоғамға да, мемлекетке де көпшілік алдында көзқарас білдіруге қалыпты жағдай деп қарайтын уақыт жетті. Бұдан ешқайда қашып құтыла алмайсың, сондықтан оған мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен, саналы түрде келу керек. Бірақ митинг өз құқың ғана емес, жауапкершілік екенін де түсінген жөн, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауын іске асыру шеңберінде «Бейбіт жиналыстар туралы» заң жобасы жасалғанын айтты. Онда бейбіт жиналыстардың барлық формасы, арнайы орындарды белгілеудегі мәслихаттардың құзыреті, «ұйымдастырушы мәртебесі», «қатысушы», «бақылаушы» ұғымдары және олардың құқықтары мен міндеттері айқын көрсетіледі.
Қолданыстағы заңға өзгеріс еніп қана қоймайды, әңгіме жаңа тұжырымдамалық заң туралы болып отыр, ол бейбіт жиналыстардың барлық формасын ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейді. Үкімет заң жобасын Парламенттің қарауына енгізуі керек, — деді Президент.