Мемлекет басшысының жарлығымен Дархан Кәлетаев ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Бұл қызметке Мәулен Әшімбаев тағайындалды.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын, — делінген жарлықта.

Мәулен Әшімбаев
Мәулен Әшімбаев. Фото: Bnews.kz

Мәулен Әшімбаевтың орнына Президенттің көмекшісі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды.

Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Энергетика министрі қызметінен босатылсын, — делінген жарлықта.

Қанат Бозымбаев
Қанат Бозымбаев. Фото: Тұрар Қазанғапов

Қанат Бозымбаевтың орнына Энергетика министрі болып Нұрлан Ноғаев тағайындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ноғаевтың орнына Атырау облысының әкімі етіп Энергетика министрінің бірінші орынбасары болған Махамбет Досмұхамбетовті тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев. Фото: Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі

Президенттің жарлығымен Мәдина Әбілқасымова жаңадан құрылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы болып тағайындалды. Ол Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

Мәдина Әбілқасымова
Мәдина Әбілқасымова. Фото: Тұрар Қазанғапов

Мемлекет басшысының өкімімен Дулат Адырбеков «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылды.

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды.