Фрилансер журналист болу үшін неден бастау керек? Оның артықшылығы мен кемшілігі қандай? Журналист қалай қорғануы керек? Ол еңбекақы туралы не білуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға тәуелсіз журналист Дженни Климан XVI Еуразия медиафорумында айтып берді.

Еркін журналист материалын қай БАҚ-қа жариялау керек екенін өзі шешеді. Оның тақырыпты өзі таңдауға құқығы бар. Сонымен бірге ол редакцияның ішкі тәртібін сақтауға міндетті емес, – делінген Санкт-Петербург еркін журналистер гильдиясының хартиясында.

Ұлыбританияның тәуелсіз журналисі Дженни Климан фрилансер болудың артықшылығы мен кемшілігі, оның қаламақысы мен қауіпсіздігі және фрилансер журналист білуі керек ережелер туралы айтып, тәжірибесін бөлісті.

  • Идея – фрилансердің валютасы. Дженни Климан оны қоғамнан, айналасындағы адамдардан іздеуге кеңес берді.
  • Журналистің өзіне, біліміне деген сенімі ғана көп тығырықтан алып шығады.
  • Фрилансер журналист “менің жазғым келеді” емес, “менің материалым осы жерде тұруы керек” деп жұмыс істеуі керек.
  • Фрилансерге тез танылу өте маңызды. Ол үшін қысқа есім мен оңай жатталатын пошта керек. Есіміңіз брендке айналатындай ыңғайлы болғаны жөн.

Өзіңді сатып үйрен

Дженни Климанның айтуынша, журналистің есімін интернетке жазғанда бірінші шыққан ақпарат өте маңызды. Ол үшін фрилансер сайт ашқаны жөн.

Іске кіріспес бұрын кім екеніңді анықтап ал. Сен кімсің? Жазушы, ақын, феминист, эколог немесе саяси белсенді шығарсың? Өзіңіз туралы, байланыс нөміріңіз жазылған сайт ашыңыз. Ол  бағытыңызға қарай жабдықталса, тіпті жақсы, – дейді Ұлыбритания журналисі.

Дженни Климан ED CAESAR есімді жазушы, журналистің сайтын мысалға келтірді. Оның дизайны адамды елең еткізіп, фрилансердің шығармашылығына одан әрі қызықтыра түседі. Бірінші бетте тапсырыс берушіге нағыз қажет ақпарат ұсынылуы керек.

Дженнидің айтуынша, сайтта көрсетілген фрилансердің өмірбаяны түйіндеме емес. Онда өзіңізді мақтауға тырыспаңыз, керемет екеніңізді жазудың да қажеті жоқ. Мықты журналист үшін ондағы бірінші абзац өте маңызды.

Фрилансер журналист ретінде танылу үшін әлеуметтік желідегі парақшаға ерекше көңіл бөлу керек. Онда да өзіңіз туралы қысқа, нұсқа, маңызды ақпаратты жазуды ұмытпаңыз.

Ақша туралы айтудан қысылма

Еңбегіңіздің ақысын сұраудан ұялмаңыз. Өзіңізге керек соманы айтыңыз. Дженни журналистің құқығын қорғауы үшін редактормен жазбаша келісімге келуі маңызды екенін ескертті. Оған тапсырыс орындалғаннан кейін төленетін сома, оның төлеу мерзімі, редактор мен журналистің құқығы мен міндеті жазылған электрон хат та жеткілікті екен.

Келісімге келерде мыналарды ескеріңіз: материал жарияланбағанда да ақысы төленетіні және материалды басқа БАҚ көшіріп басқан жағдайда оның қорғалатыны туралы айтылған жөн, – дейді журналист.

Дженни Климан
Дженни Климан. Фото: Eamedia.org

Фрилансерде айлық жалақы, жыл сайынғы және денсаулық жағдайына байланысты берілетін демалыс болмайды. Сондықтан еркін журналист үнемі табыс көзін іздеп, тәжірибе жинап, өсуді, дамуды ойлауы керек. Фрилансерді оқытатын курстарды, оларды марапаттап, қаржылай қолдау көрсететін Pulitzer center, RoryPock сияқты ұйым-қорлардың жаңалығын қаперіңізден шығармаңыз.

Ешкімге ешқандай уәде бермеңіз. Әсіресе, кейіпкерге материалдағы есімнің аноним болатыны жөнінде сөз беруден аулақ болыңыз. Себебі сіздің жоспарыңызға редактордың өзгеріс енгізуі мүмкін.

Қауіпсіздігіңді ойла

Тәуелсіз журналист сақтандырылмаған, ешкім оның денсаулығын, қауіпсіздігін ойламайды. Сондықтан ол тек өзіне өзі қорған болуы керек.

Қандай керемет репортаж болса да, сіздің қауіпсіздігіңіз бен өміріңіздің қасында түкке тұрмайды, – дейді тәуелсіз журналист.

Сақтық үшін журналистердің қауіпсіздігін, құқығын қорғайтын Emergency Response, CPJ сияқты ұйымдармен байланыс орнату қажет.

Келеңсіз жағдай болған жағдайда сізге көмектесетін, құтқаратын адамдардың, ұйымдардың байланыс нөмірін сақтаңыз. Дженни Климан ондай ұйымдар туралы ақпаратты қағазға жазып, аяқкиімінің табанына салып жүреді екен. Сізге ешкім оқ атпауы немесе тұтқындамауы мүмкін. Бірақ жай көлік қағып кетсе де, қауіпсіздігіңізді сақтайтын адамдармен қандай жағдай болса да, байланысқа шыға алуыңыз керек.

Дженнидің айтуынша, тәуелсіз журналисте “ұсақ-түйек” деген түсінік мүлде болмауы керек. Үйден шығарда барлығын есептеңіз, ауа райын, жолды, көлікті алдын ала ойлаңыз. Бұл кезде құжатты да естен шығармаңыз.

Кей елде қарапайым визамен жүру жеткіліксіз, журналистік виза сұрайды. Журналистің құқықтық сауатты болуы да аса маңызды. Құқық қорғау өкілімен сөйлескенде салмақты да сабырлы болыңыз. Олар сізді тоқтатып қалған жағдайда байыппен мәселені түсіндіріп беруге тырысыңыз, бас салып ашуға берілуден аулақ болыңыз, – дейді ол.

Дженни Климан цифрлық қауіпсіздікті ұмытпауды ескертті. Ол желі мен поштадағы құпия сөзді жиі ауыстыруға кеңес берді.

Дженни Климан BBC 1, vice News Tonight, HBO, Dispatches және Unreported World 4 арналарында жұмыс істеді. Ол BBC Radio 4 радиоарнасында Hot Spot бағдарламасын таныстырды. Guardian, The Sunday Times, The Times, The New Statesman және VICE сияқты басылымдарда мақалалары жарияланып тұрады.