Қазақстанда ең жиі бұзылатын ереже — жолда жүру ережесі. Ал сіз жол белгілері мен жолда жүру қағидасын қаншалықты білесіз? Baribar.kz дайындаған тест арқылы анықтап алыңыз.
Қауіпсіздік белдігімен жабдықталған автокөлікте кімдер белдік тағуға міндетті?
Қауіпсіздік белдігі бар көлікте жүргізуші белдігін тағуға және белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауға міндетті. Жолаушылар да жол жүрген кезде қауіпсіздік белдігін тағуы керек.
Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жүргізуші ең алдымен не істеуге тиіс?
Жүргізуші көлікті дереу тоқтатып, орнынан қозғамауға, авариялық жарықты қосуға және авариялық тоқтау белгісін қоюға тиіс. Оқиғаға қатысы бар заттарды да қозғамау керек.
Елді мекенде жеңіл автокөлікке, егер басқа жылдамдық жол белгісімен көрсетілмесе, ең көбі қандай жылдамдықпен жүруге болады?
Елді мекендерде көлік құралдарына сағатына 60 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Тиісті жол белгілерімен арнайы режим белгіленсе, рұқсат етілген жылдамдық сағатына 90 шақырымнан аспауға тиіс.
Елді мекенде белгіленген аялдамадан қозғала бастаған автобусқа басқа жүргізушілер не істеуі керек?
Елді мекендерде жүргізушілер белгіленген бағытпен жүретін және белгіленген аялдамадан қозғала бастаған автобус пен троллейбусқа жол береді. Автобус немесе троллейбус жүргізушісі өзіне жол берілгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қозғалысты бастайды.
Тұрғын аймақта және аула аумағында рұқсат етілетін ең жоғары жылдамдық қандай?
Тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында сағатына 20 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүруге болмайды. Мұнда жаяу жүргіншілерге басымдық беріледі.
Бағдаршамның қызыл сигналы нені білдіреді?
Қызыл сигнал, соның ішінде жыпылықтайтын қызыл сигнал, қозғалысқа тыйым салады. Жүргізуші аялдау сызығының алдында, ал ол болмаса — жол қиылысына немесе жаяу жүргіншілер өткеліне кедергі келтірмей тоқтауы керек.
Жолаушы көлікке қашан және қай жағынан мінуге немесе одан түсуге тиіс?
Жолаушы көлік толық тоқтағаннан кейін ғана, әдетте тротуар немесе жол жиегі жағынан мінуге және түсуге тиіс. Ол жақтан мүмкіндік болмаса, қауіпсіз әрі өзгелерге кедергі келтірмейтін жағдайда жүру бөлігі жағынан түсуге немесе мінуге болады.
Жүргізуші оңға немесе солға бұрылған кезде жолды кесіп өтіп келе жатқан кімге жол беруге тиіс?
Бұрылған кезде жүргізуші өзі бұрылатын жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп келе жатқан жаяу жүргіншіге және велосипед жолымен кесіп өтіп келе жатқан велосипедшіге жол беруге міндетті.
Тәуліктің қараңғы уақытында жолдың жүру бөлігінде жүрген жаяу жүргіншіде не болуы керек?
Қараңғы уақытта жолдың жүру бөлігінде жүріп-тұратын жаяу жүргіншіде жүргізушілерге көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын зат болуы керек.
Жаяу жүргінші жолдың жүру бөлігін ең алдымен қай жерден кесіп өтуге тиіс?
Жаяу жүргінші жолды жаяу жүргіншілер өткелімен, соның ішінде жерасты немесе жерүсті өткелімен кесіп өтуге тиіс. Өткел көрінбесе, жол қиылысында тротуардың немесе жол жиегінің бойымен өтеді; екеуі де көрінбесе, жолды шетіне тік бұрышпен кесіп өтуге болады.
Бөлісе отырыңыз:

9 Пікір