Ranking.kz талдаушылары ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған бес көшбасшы өңірді атады.
Мамандардың мәліметінше, экономикаға қосқан үлесі жөнінен Алматы көш бастап тұр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 12,1 триллион теңге болды, бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 19,6%-іне тең. Алматыда сауда мен туризм саласы өте жақсы дамып келеді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қала экономикасының барлық саласында оң динамика байқалады. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 780,2 миллиард теңге болды, көрсеткіш бір жылда 5,1% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 6,8% артып, 609,9 миллиард теңге болды. Бір жылда бөлшек сауда 11,8%, көтерме тауар айналымы 1,3%, құрылыс көлемі 3,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру 8,8% артты. Алматы тұрғындарының табысы жылдың екінші тоқсанында 7,4% ұлғайып, 234,9 мың теңгеге жетті. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша қала халқының жұмыс істейтін тұрғындарының саны 936,7 мың адамға жетті немесе жыл ішінде 2,9% көбейді.
Елдің жалпы ішкі өнімі құрылымында Атырау облысы екінші орын алып отыр: 12,6% немесе 7,8 триллион теңге. 2019 жылдың бірінші тоқсанында өңірдің жалпы өнімі 4,2 триллион теңге болды, көрсеткіш 6,3% өскен. Жалпы өңірлік өнімнің негізгі бөлігі — 2 триллион теңгесі тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Биылғы 10 айда еліміздің негізгі капиталға салынған инвестициясының 36%-і — Атырау облысының үлесі. 2019 жылдың 3-тоқсанының соңында өңірде 319,2 мың адам жұмыс істейтіні белгілі болды, бұл былтырғы осындай кезеңге қарағанда 5,6% көп. Жылдың екінші тоқсанында облыс тұрғындарының орташа табысы 153,7 мың теңге болды.
2018 жылы елдің жалпы ішкі өнімінің 10,8%-і немесе 6,7 триллион теңгесі Нұр-Сұлтан экономикасының үлесі болды. Ел астанасының негізгі салалары — құрылыс, сауда және өнеркәсіп. 2019 жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 11,6% артып, 567,3 миллиард теңге болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 708,3 миллиард теңге болды. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция бір жылда 13,5% көбейіп, 247,6 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы 3-тоқсанның соңында астанада 552,3 мың адам жұмыс істейтіні мәлім болды, бұл былтырғы 3 тоқсанның нәтижесіне қарағанда 8,8% көп. Нұр-Сұлтан тұрғындарының табысы биылғы 2-тоқсанда 226,7 мың теңге болды, яғни 6,2% артқан.
Ел экономикасына қосқан үлес деңгейі жөнінен үздік бестікке Қарағанды және Маңғыстау облыстары да еніп отыр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысына елдің жалпы ішкі өнімінің 7,7%-і, Маңғыстау облысына оның 6,2%-і тиесілі.
Ranking.kz мамандарының мәліметінше, 2019 жылдың қаңтар-қазанында еліміздің жалпы ішкі өнімі 4,4% өсті. Экономиканың өсуіне инвестиция бойынша белсенділік негізгі факторлардың бірі ретінде ықпал еткен: 10 айда негізгі капиталға салынған инвестиция 12,5% артып, 9,7 триллион теңге болды.