Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда бірнеше нысанды аралады

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы отбасыларға «бір терезе» қағидатымен заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін «Жанұя» орталығының жұмысымен танысты. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы мәселелері туралы кеңес алуға болады. Президент орталықтың бастамаарын жоғары бағалап, мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймағына енгізу қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтың базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасына қатысушылармен де әңгімелесті.

Елімізде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам оның жолын іздейді және табады, — деді Президент.

№23 орта мектепте Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта қалада үш ауысыммен оқытатын 8 мектеп бар, осы мәселені шешу үшін жыл сайын 12 мектеп салу қажет болады. Әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын да хабарлады.

Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен, мұғалімдермен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің проблемаларынан хабардар екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін айтты.

Бұл — іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Ютария Ltd» кәсіпорнына да барды. Бұл компания кәсіби тігін жабдықтарын құрастырумен және жеткізумен айналысады, арнайы киім мен тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығарады. Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорт потенциалына назар аударды. Мекемеде 460 адам жұмыс істейді, оның 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.

Президенттің айтуынша, мемлекет халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдап, сондай адамдар үшін жұмыс орындарын ашатын мекемелерге әрқашан көмек беретінін айтты.

Фабрикаларыңызды қызыға аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл қажет әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік жауапты кәсіпорын. Ең бастысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.