Допингіге қарсы бүкіләлемдік агенттіктің (WADA) атқарушы комитеті Ресейдің допингіге қарсы агенттігін (РУСАДА) мәртебесінен айыру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұл туралы Ресейдің ТАСС агенттігі WADA-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің атқарушы комитетінің мұндай шешімі Ресейді әлем чемпионаттарын өткізу мен өткізуге өтініш беру құқығынан 4 жылға айырады, Ресей спортшылары Олимпиадалар мен әлем біріншіліктеріне өз елінің атынан қатыса алмайды. WADA-ның атқарушы комитеті Ресей мемлекеттік қызметшілері мен Ресейдің Олимпиада және Паралимпиада комитеттері басшылығының халықаралық спорт шараларына баруына да 4 жылға тыйым салып отыр.
Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, WADA шешімі Спорттағы арбитраж сотта апелляция қаралғаннан 21 күннен кейін күшіне енеді. Биыл қараша айында ұйым Ресейді допингімен күрес ережелерін көп мәрте бұзды деп айыптап, Мәскеудегі допингіге қарсы зертхананың жұмысын тоқтатқан еді және РУСАДА WADA ұйымының кодексіне сай келмейді деген шешім шығарды.
Ресей алдағы 4 жыл ішінде 19 ірі халықаралық спорт шарасын өткізгелі отыр еді. Олардың арасында спорттың ондаған түрі бойынша әлем чемпионаты, футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының бірнеше матчы және 2023 жылғы Жазғы Универсиада бар. Сонымен бірге Ресей баскетболдан, гандболдан және футболдан әлем және Еуропа чемпионаттарын өткізуге өтініш берген.
Еске салайық, Ресей Федерациясы 2018 жылғы Қысқы Олимпиададан да шеттетілген еді. Олимпиада халықаралық комитетінің шешімімен жарысқа допинг дауына ілікпеген спортшылар ғана бейтарап мәртебемен қатысты, олар жеңіс тұғырына көтерілгенде Олимпиада гимні ойналды.