Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия күнін атап өтуді ұсынды

Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының консультатив кездесуі аясында жиналыстың су жаңа құрметті төрағасы атанған Нұрсұлтан Назарбаев делегация басшыларымен бірге кеңейтілген форматта кездесу өткізді.

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Қазақстан астанасында бастау алған диалог Орталық Азия тарихының жаңа парағын ашқанын айтып, кездесуге қатысушы мемлекеттердің әлеуетін біріктіре отырып, барлық елдің әл-ауқатын арттыру мақсатында «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісім» жасасуды ұсынды.

Бұл саяси құжат біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі принциптері мен мақсаттарын көрсетуі керек. Келісімге елдеріміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу туралы ережелер енеді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол өңірдегі қауіпсіздікті нығайту үшін келесі жылы Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кездесуін өткізуді де ұсынып, аймақ елдерінің үкіметтерін демографиялық дамудың жоғары қарқынына байланысты туындаған проблемаларға назар аударуға үндеді. 

Тауар, қызмет түрлері мен капиталдың қозғалысына тосқауыл болатын кедергілерді алып тастау арқылы «кедергісіз Орталық Азияны» қалыптастыру керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесудің құрметті төрағасы мемлекет басшыларына 15 наурызда жаңа мереке — Орталық Азия күнін атап өтуге үндеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық бойынша Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында Орталық Азияның әр елінің студенттеріне 10 гранттан бөлуді ұсынды.

Түркі әлемінің бесігі — Түркістан қазір қайта өркендеп жатыр. Десе де, ол өзінің мәдени, тарихи және рухани өзегін сақтайтыны сөзсіз. Қала баршамыздың ортақ  мақтанышымызға айналатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай Орталық Азияның бауырлас мемлекеттерінің басшыларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.