Алматыда Орталық Азия жастарының тұңғыш фестивалі басталды

Алматыда Орталық Азия жастарының Central Asia Youth Festival атты тұңғыш фестивалі өтіп жатыр. Фестивальді ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов құттықтау сөздерімен ашты.

Бүгінде адами капитал — ұлт жетістігінің басты факторы. Фестиваль сіздерді шабыттандырып, бағыт беретін, әрқайсыңызды бейбітшілік пен келісімнің амбассадоры ететін алғашқы қарлығаш екеніне сенемін. Бұл — алғашқы қадам ғана, ал болашақта бізді ұзақ және барынша нәтижелі жол күтіп тұр. Ақ жол, достарым менің! — деді ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев.

Бақытжан Сағынтаев
Бақытжан Сағынтаев. Фото: Almaty.gov.kz

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келер жылы Алматыда Орталық Азия волонтерлары мен волонтерлар ұйымдарының Жастар форумын өткізуді ұсынды. Ол мемлекеттің дамуындағы жастардың ролі ерекше ролі екенін және ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды Волонтерлар жылы деп жариялауы жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал ететінін айтты.

Жастардың тікелей араласуы — стратегиялық серіктестікті, достық пен тату көрші болуды нығайтудың басты шарты. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қорына, ББҰ өкілдігіне, өзге де ынталы ұйымдар мен қонақтарға — жалпы барлығыңызға 2020 жылы Алматыда Орталық Азияның волонтерлары мен волонтерлар ұйымдарының Жастар форумын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын, — деді Бақытжан Сағынтаев.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры мен Алматы әкімдігі өткізіп отырған бұл фестиваль Қазақстандағы Жастар жылына арналған. Шараның серіктестері — БҰҰ, ЕҚЫҰ және Конрад Аденауэр қоры.

Фестивальге Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Әзірбайжаннан 300-ден астам қонақ қатысып жатыр. Олар — халықаралық ұйым мүшелері, белсенді жастар, сарапшылар, қоғам, мәдениет және ғылым қайраткерлері, стартап-кәсіпкерлер мен  спортшылар.

Фестиваль сессиялары жұмысында IT, киберқауіпсіздік, көші-қон, зияткерлік капиталды сақтау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім алу, көпұлтты қоғам — бейбітшілік пен келісім моделіне ерекше назар аударылады.