Ерлан Әукенов: Құны 40 млрд теңгелік 48 жоба жүзеге асырылып жатыр

Форумға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, Алматыдағы Бостандық ауданының әкімі Бекқали Торғаев, Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, шетелдік инвесторлар, іскер тұлғалар, қаржы институттары, дипломатиялық өкілдер және т.б. қатысты.

Ерлан Әукенов мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, ауданның инвестициялық әлеуеті туралы баяндап берді. Оның мәліметінше, жыл басынан бастап ауданда шамамен 60 млрд теңге инвестиция игерілген. Оның 20%-ы шетелдік инвесторлар. Аудан экономикасының қарқынды дамуын шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысынан көруге болады. Бүгінде олардың жалпы саны 13 мыңнан асады. Сондай-ақ, 2016 жылы Даму бағдарламасының аясында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.

Форумның негізгі мақсатының бірі – инвестициялық мүмкіндіктерді таныстыру және қала инфрақұрылымына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалары арқылы инвестиция тарту. Қазіргі күні қалада осындай 25 жоба жүзеге асып жатыр. Олар: 1000 және 2000 орынды жеке мектеп, 200 орынды жеке балабақша, 100 орынды интернат, оқытушыларға арналған жатақханалар, шетелдік оқытушыларға арналған қонақ үйлердің құрылысы. Сонымен қатар, «Forum Almaty» сауда орталығының, «Гагарин Парк» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің және 120 орынды жеке балабақшасы бар «Комфорт» тұрғын үй кешенінің құрылысы да қолға алынған.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айтқанда, аудан әкімі жыл басынан бері қалада 5 балабақша, 1 мектеп ашылып, 140-тан астам балаларға арналған спорт алаңдары орнатылып, 150-ден астам үй боялғанын атап өтті. Қазір құны 40 млрд теңгеден астам 48 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар: ауруханалар, мектептер, балабақшалар, аула және спорт алаңдары.

Аталған форум халықаралық іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға, тиімді келісімшарттарға қол қоюға, отандық өнімді сатудың жаңа нарығын табуға жәрдемдеседі.

Аталмыш іс-шара егеменді еліміздің тарихында ерекше орын алған алып шаһар Алматыны қадірлеу, мақтан тұту, 1000 жылдық тарихына үңіліп, болашаққа бастар жолда Тәуелсіздіктің алтын бесігі — Алматыны көркейту мақсатында ұйымдастырылып отыр.