Сарысулы ісік немесе жылауық (киста) — адам ағзасының кез келген мүшесіне өсетін артық ет. Аналық без жылауығы — әйел ағзасындағы сұйықтық толған қалташа.

Әлия Шойынқызы, гинеколог, дәрігер
Әлия Шойынқызы, гинеколог. Фото жеке архивінен

Дәрігердің айтуынша, жылауық өскіні белгілері байқалса, бірден гинекологқа тексерілген абзал. Ұзақ уақыт емделмеген жағдайда оның көлемі үлкейе береді.  Соның салдарынан жедел операцияны талап етеді.

Өскіннің көлемі кішкентай кезде әйел бала көтерсе, ол өздігінен жойылып кетеді. Ағзада прогестерон гормоны түзіліп, жылауықтың өсуіне жол бермейді, — дейді гинеколог.

Маманның айтуынша, бұл кеселдің пайда болуына бірнеше себеп бар. Олар: суық тию, күйзеліс, жыныс жолымен жұғатын инфекция, түсік және гормон өзгерісі. Бірақ кейінгі жылдары бұл кесел тұрмысқа шықпаған қыздар арасында жиі кездесіп жүр.

Жылауықтың пайда болуы жасарып кетті деп жиі айтады. Ол жасарған жоқ, бұрын да болған. Медицина саласы дамыған соң дәрігерлер тұрмыс құрмаған қыздардан кеселді жылдам анықтай алады, — дейді Әлия Шойынова.

Дәрігердің айтуынша, аналық бездегі жылауық өскінінің бірнеше түрі бар:

  1. Функционал жылауық, ол етеккір циклінің бұзылуы кезінде пайда болады, ол цикл кезінде өсіп, өздігінен жоқ болып кетуі әбден мүмкін;
  2. Фолликул жылауық, ол етеккір циклі кезінде 5-7 сантиметрге дейін өседі, ауру белгісі аса білінбейді;
  3. Параовариал жылауық — жатыр түтігі мен оның қосалқы бөлігінде пайда болатын сұйық, көлемі 20 сантиметрге дейін өсуі мүмкін;
  4. Дермоид жылауық, сырты басқа өскіндерге ұқсас, бірақ оның ішінде шаш, тырнақ, тіс және тағы басқа да өсінділер болады.
Аналық бездегі киста
Аналық бездегі жылауық. Фото dialine.org

Гинекологтың айтуынша, жылауық өскіні бар әйел ыстық ем қабылда­ма­ғаны жөн. Ем әсері кеселдің жарылуына әкеп соқтыруы ық­тимал. Ыстық моншаға түсуге де болмайды. Дене шынықтыру кезінде шамадан тыс салмақ түсірмеуі керек. Мұның бәрі өскіннің қа­бынуына себеп болады.

Мұны ем­деу­дің екі жолы бар. Бірін­шісі — дәрі-дәрмекпен емдеу, екіншісі — операция жасау. Жылына бір рет ультрадыбыс зерттеуімен, томографиямен тексеріліп, онкологиялық ауруды анықтау үшін қан тапсыру қажет, дәрігерге жиі қаралу керек, — дейді дәрігер.

Аналық без жылауығының негізгі белгілері: етеккір циклі кезінде ауырсыну, іш көлемінің ұлғаюы, кіші дәреттің жиілеуі, кенеттен пайда болатын қатты ауырсыну.

Иллюстрация: Dribbble.com/©Kiley

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!