Қазақстанда қарт адамдардың саны көбейіп барады. Бір жылда көрсеткіш 1,4 миллион адамға немесе 4% көбейді. Бұл туралы Ranking.kz мамандары хабарлады.

БҰҰ болжамдары бойынша 2030 жылға қарай әлем халқының саны 7,7 миллиардтан 8,5 миллиард адамға дейін, 2050 жылға қарай 9,7 миллиардқа дейін өседі. Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 24 миллион адамға жетуі мүмкін. 2019 жылдың басында елімізде халық саны 18,4 миллион адам болды, бұл 2018 жылдың басына қарағанда 1,3% көп.

Халық санының артуымен бірге әлемде де, Қазақстанда да қарт адамдар үлесі үздіксіз өседі. Қазір дүниежүзінде 65 жастан асқан 702,9 миллион адам болса, олардың үлесі — жалпы халық санының 9%-і, 2050 жылға қарай қарт адамдардың саны 1,5 миллиард адамға жетеді, яғни жалпы халық санының 16%-і болады. Бұл үрдіс Қазақстанда да байқалып отыр: 2014 жылы 65-тен асқан тұрғындар ел халқының 6,8%-і болса, 2018 жылдың соңында ол 7,5% болды, — дейді Ranking.kz мамандары.

Болжам бойынша Қазақстанда жасы 65-тен жоғары азаматтардың үлесі 2 есеге жуық артуы мүмкін, яғни қазір олардың үлесі елдегі халық санының 7,5%-і болса, 2050 жылы 14,1% болады. БҰҰ жас шамасы шкаласы бойынша Қазақстан азаматтары қартайған халық деп есептеледі.

Осы үрдіспен бірге Қазақстанда адамдардың өмір жасы ұзарып келеді. 2014 жылы ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығы 71,44 жас болса, 2018 жылдың соңында 73,15 болды. Бұған халықтың өмір сапасының артуы себеп болуы мүмкін.

Ранкинг

Мамандардың болжамы бойынша 2019-2050 жылдар аралығында Қазақстанда зейнеткерлерді толық қолдау коэффициенті 2 есе төмендейді, яғни 65 жастан асқан бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5-ке жуық адамнан келуі мүмкін. 2018 жылдың соңында елімізде бір зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 6,8 адамнан, 2014 жылы 7,5 адамнан келді. Қартаю процесі Қазақстандағы еңбек нарығына, экономика көрсеткіштеріне және мемлекет бюджетінің алдағы онжылдықтардағы әлеуметтік және зейнетақы міндеттемелерінің артуына айтарлықтай ықпал етеді.

2019 жылдың қыркүйегінің соңында мемлекет бюджетінің әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бөлген шығыны бір жылда 26,6% ұлғайғаны белгілі болды. Кейінгі 5 жылда бұл мақсатқа бөлінген бюджет қаражаты жыл сайын орташа есеппен 14,3% көбейіп отырған. Биылғы қыркүйектің соңында Қазақстанда халықтың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10,4 триллион теңге болды, бұл 2018 жылдың сондай кезеңіне қарағанда 17,2% көп. 2014-2018 жылдар аралығында зейнетақы жинақтары жыл сайын 20,3% көбейген.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 308,5 мың жаңа дербес зейнетақы есепшоты ашылған. Бұл кезеңде еліміздегі зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 154,2 миллиард теңге болды, былтырғыдан 23,2 миллиард теңгеге көп.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!