2016 жылғы 13 қазанда ҚР Қорғаныс министрі «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Ақтау гарнизонының бөлімдеріне жұмыс сапарымен барды.
Батыс өңіріне жұмыс сапары барысында Министр ағымдағы жағдай мен 2016 оқу жылы бойынша қорытынды тексерістің өткізілу барысы туралы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының баяндамасын тыңдады.
Ақтауда қорғаныс ведомствосының басшысы инфрақұрылым нысандарының, ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің корабльдері мен кемелерінің орналасуына арналған салынып жатқан пирстің құрылыс барысын тексерді. Ақтау гарнизонының 100 әскери қызметшісі жаңа қызметтік пәтердің кілтіне ие болды.
«Баспанамен қамтамасыз ету Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы тарапынан бізге, яғни, Отан қорғаушыларға деген қамқорлығының жарқын көрінісі болып табылады. Бүгінгі күн баспана, әскери гарнизондардың әлеуметтік инфрақұрылымы объектілерінің салыну мәселелері жоспарлы түрде шешіліп жатқандығының тағы бір дәлелі іспетті», — деп Министр атап өтті.
Сонымен қатар, жұмыс сапары шеңберінде Қорғаныс министрі Ұлттық әскери-патриоттық орталығының филиалын ашу және Ақтау гарнизонында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған әскери госпиталь тұрғызу туралы бірқатар шешім қабылдады.