Ержан Максим Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауынан соң Алматыға келді. Журналистермен кездесуде ол байқауда бірінші орын алмағанына әсте өкінбейтінін айтты.
Екінші орын да жаман емес деп ойлаймын. Менің әнім, орындауым, сахнадағы қойылым, бәрі сіздерге ұнады деп сенемін. Шынымды айтсам, ешкімге ешқандай өкпем жоқ. Өйткені конкурс қатты ұнады, — деді ол.
Ержан Максим халықаралық ән байқауында қандай қызық оқиға болғанын айтып берді.
Байқауға дейін және одан кейін де көп қызық пен қиындық болды. Junior Eurovision үлкен аренада өтті. Сол себепті бәрімізге монитор құлаққап кию қажет болды. Өйткені онсыз дауыс естілмейді. Құлағым кішкентай болған соң әлгі құрылғы сыймай қалды. Сондықтан оны құлағыма скотчпен жапсырып берді. Сол жағы қиын болды, — деді ол.
Баспасөз мәслихатына Ержан Максиммен бірге оның анасы Гүлмира Әлібек пен «Хабар» телеарнасының директоры Динара Бисембина да қатысты. Олар Ержан Максимге көрерменнің аз дауыс беруіне қатысты пікірін айтты.
Ержан өнерін жоғары деңгейде көрсетті, бар күшін салды деп ойлаймын. Үлкен жауапкершілікті сезінді. Бұл — Ержанның ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының да жеңісі. Ержанның да, менің де ешкімге өкпеміз жоқ. Бәрі керемет өтті. Қазір көбі дауыс бермеді деп халықты кінәлап жатыр. Енді біреулері Ержаннан кешірім сұрап жатыр. Біз халықты кінәламаймыз. Әр байқаудың ережесі бар. Мынау дұрыс немесе дұрыс емес деп айта алмаймыз. Ержанның арқасында «Қазақстан!» деп айқайлаған өзге елдің азаматтарын да көрдік. Үлкен қошемет болды, — деді Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек.
Динара Бисембинаның айтуынша, Еуропа хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі ретінде «Хабар» агенттігі еліміз 2019 жылғы Junior Eurovision байқауына қатысатынын қолдан келгенше насихаттады.
Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа түркі әлеміндегі әріптестерімізбен сөйлесіп, оларды да қолдауға шақырдық. Олар да көмектесті. Қыркүйек айынан бастап насихатталды. Жастар қазір теледидар қарамайды. Бәрі әлеуметтік желіде отырады. Онда да жарнама көп болды. Халықтың неге көп дауыс бермегенін білмеймін. Уақыт керек шығар. Мәдениет қалыптаспаған шығар. Олимпиада ойындарында Қазақстанның Туы көтерілгенде бәрі шулайды. Геннадий Головкиннің жекпе-жегі болғанда халық сағат 05.00-де оянады. Junior Eurovision де болашақта Қазақстан азаматтары Олимпиада сияқты үлкен қолдау көрсететін шараға айналатынына сенемін, — деді «Хабар» телеарнасының директоры.
24 қарашада Польшаның Гливицесінде өткен Junior Eurovision-2019 халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсеткен 12 жастағы Ержан Максим «Арманыңнан қалма!» әнімен екінші орынға ие болған еді. Ол байқауда кәсіби қазылардың 148 және көрерменнің 79 дауысын иеленіп, жалпы 227 ұпай жинады.
Бірінші орынды Superhero деген ән орындаған Польша өнерпазы Виктория Габор 278 ұпаймен жеңіп алды. Үшінші орынды Marte әнімен Испания әншісі Мелани Гарсия алды, оның ұпайы — 212.
Байқаудан соң Ержан Максим өзіне дауыс берген жанкүйерлерге алғыс айтты.