Қазан айында Премьер министр қала халқымен кездесу өткізіп, Семейдің 2020-2025 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасының таныстырылымына қатысқан. Жоспарға сәйкес жеті бағыт бойынша 56 жоба жүзеге асырылады. Оған 250 миллиард теңге қарастырылған.
Кейінгі үш жылда қаланы абаттандыруға, жол жөндеуге 13,5 миллиард теңге жұмсалды. Мектептерді жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінді. Ұшақтар кентінде 1200 орындық, Бобровкада 600 орындық мектеп қолданысқа берілді. Қарағайлы жаңа ықшам ауданында 20 көпқабатты тұрғын үй салынды. Қазіргі күні жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін алаңдардағы инфрақұрылым жақсарып жатыр. Автобус паркі 80% жаңарды. Жергілікті өндіруші компания Daewoo Bus Kazakhstan ЖШС-нің 267 автобусы қалада жүріп тұр. Әуежай қайта жарақтандырылды. Халықаралық деңгейдегі «Абай-Арена» көп функциялы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Кешенді жоспар аясында Семейде төрт мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 133 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Әлеуметтік саланы дамыту мақсатында 47 миллиард теңге бөлініп, 4 мектеп, 4 балабақша, мұз айдыны модулі, балалар ауруханасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы бой көтереді. Сонымен қатар мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында бюджеттен тыс 76 миллиард теңге тарту қарастырылған.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 жылдың ішінде 1,6 есеге артады. Ауыл шаруашылығы өнімі 1,2 есеге, бөлшек сауда тауар айналымы 2 есеге артады. Сонымен қатар 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылады, — деді Даниал Ахметов.