Қазақстанның атынан Junior Eurovision-2019 ән байқауына қатысатын Ержан Максим Instagram-парақшасында финал күні өзіне қалай дауыс беруге болатынын түсіндірді.

Ержан Максимге дауыс беру үшін Junioreurovision.tv сайтына кіріп, сайыскерлер тізімінен оны және тағы екі өнерпазды таңдау керек. Содан кейін «Дауысты қабылдау»/»Дауыс беру» түймесін басу қажет.

Байқау көрермені екі рет дауыс бере алады: 23 қарашадан 24 қараша күні Junior Eurovision-2019 финалы басталғанға дейін және сол күні байқаудың барлық нөмірі орындалғаннан кейін жүргізушілер хабарлаған 15 минут аралығында.

Ержан Максим 19 сайыскердің арасында оныншы болып сахнаға шығады.

Junior Eurovision-2019: қай әншінің бағы жанады?

Junior Eurovision-2019 финалы 24 қараша күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 21.00-де басталады. Байқауды «Хабар» телеарнасы тікелей трансляциялайды. «Хабар» агенттігі — 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Eurovision байқауын ұйымдастырушы Еуропа хабар тарату одағының (EBU) қауымдастырылған мүшесі.

Junior Eurovision-2019 байқауын өткізуге Армения, Қазақстан және былтырғы жеңімпаз Польша өтініш берген еді. 2018 жылдың желтоқсанында Еуропа хабар тарату одағы байқаудың Польшада өтетінін хабарлады. 19 елдің балғын өнерпазы 24 қарашада Польшаның Гливицесіндегі Arena Gliwice стадионында бақ сынайды.

Биыл байқаудың ұраны: Share the joy! («Қуанышыңды бөліс!»)

Eurovision дәстүрі бойынша бұл байқауда да сайыскерлер өнер көрсетіп болғаннан кейін қатысушы 19 елдің әрқайсының кәсіби қазылары 10 әнге 12, 10, 8, 7, 6, 5, 4, 3, 2, 1 деген ұпайларды беріп шығады. Содан кейін бүкіл әлем бойынша көрерменнің үш әнге берген дауысы есептеледі. Қазылардың да, көрерменнің де дауысы барлық дауыстың 50%-іне тең болады.

«Хабар» телеарнасы Қазақстан азаматтарын Ержан Максимді қолдауға үндейді.

Жанкүйерлер ән байқауы аяқталардан бір тәулік бұрын Junioreurovision.tv сайтында ашылатын онлайн дауыс беруден қалып қоймауы керек.

Еске салайық, 2019 жылғы Junior Eurovision ән байқауында Ержан Максим «Арманыңнан қалма!» әнін орындайды. Ән авторлары: композитор Хамит Шаңғалиев пен ақын Данияр Алдабергенов. Балалар арасындағы ән байқауының YouTube-тегі ресми каналында бұл бейнеклиптің қаралымы 148 мыңнан асты.

Қазақстан Junior Eurovision байқауына екінші рет қатысқалы отыр. Былтыр Минскіде еліміздің дебюті болған байқауда Данэлия Төлешова бақ сынап, 171 ұпаймен 6-орынды иеленген еді. Ол жанкүйерлердің ең көп дауысына ие болған үш сайыскердің бірі болды. Данэлия Төлешова сахнада 20 сайыскердің арасында үшінші болып өнер көрсетті.