Eurovision-2019 финалында 26 мемлекеттің сайыскері өнер көрсетті. Олар: Мальта, Албания, Чехия, Германия, Ресей, Дания, Сан-Марино, Солтүстік Македония, Швеция, Словения, Кипр, Нидерланды, Грекия, Израиль, Норвегия, Ұлыбритания, Исландия, Эстония, Беларусь, Әзірбайжан, Франция, Италия, Сербия, Швейцария, Австралия және Испания.

Қатысушы елдердегі кәсіби музыканттардан тұратын ұлттық қазылар алқасының дауыс беруі нәтижесінде Швеция (239 балл), Солтүстік Македония (237) мен Нидерланды (231) жоғары ұпай жинағанымен жанкүйерлер дауысының нәтижесінде рейтингтің басы түбегейлі өзгерді. Байқаудың қорытындысы бойынша  Нидерланды жалпы 492 ұпаймен бірінші орынды, 465 ұпаймен Италия екінші орынды, Ресей 369 ұпаймен үшінші орынды иеленді.

Осылайша Нидерланды Eurovision байқауында 1975 жылдан кейін тұңғыш рет жеңіске жетіп отыр. Дункан Лоуренске биылғы байқаудың бас жүлдесі — хрусталь микрофонды былтырғы жеңімпаз Нета Барзилай табыс етті.

Ән байқауының соңғы шешуші күні сахнада Eurovision-2014 жеңімпазы Кончита Вурст, Eurovision-2015 жеңімпазы Монс Сельмерлев, Eurovision-2018 байқауында екінші орын алған Элени Фурейра, Eurovision-2007 байқауының күміс жүлдегері Верка Сердючка, Eurovision-2018 жеңімпазы Нета Барзилай, Eurovision-1979 жеңімпазы Гали Атари өнер көрсетті. Олар бір-бірінің жұлдызды әнін орындады. Кештің арнайы қонағы «поп-музыка патшайымы» атанған Мадонна болды. Ол Migos коллективіндегі рэпер Quavo-мен бірге жаңа композициясы — Future әнін айтты. Бұл — оның әйгілі Like A Prayer хитінің 30 жылдығына арналған нөмір. Әнші шоудың әр елдегі комментаторларына өз нөмірін басқа тілдерге аудармауды, оған қандай да бір түсінік бермеуді талап еткен.

Байқаудың финалы барысында менталист Лиор Сушард алғашқы күндегідей фокусын көрсетті.

Eurovision-2019 халықаралық байқауына биыл барлығы 41 мемлекет қатысқанын еске сала кетейік.

Байқаудың биылғы ұраны — Dare To Dream («Батыл арманда»).

Eurovision-2018 байқауында Израиль әншісі Нета Барзилай Toy әнімен бірінші орынды иеленген еді. Сол себепті биылғы байқау оның елінде өтті. Нета Барзилай биыл өзінің жеңімпаз хитін Eurovision-нің алғашқы күні орындады. Бұл ән байқауын Израиль үшінші рет өткізді.

(Фотода Дункан Лоуренс: Telegraph.co.uk)