Глубокое ауданында 13 ауыл абаттандырылды

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «100 ауылды абаттандыру» бағдарламасы іске асып жатыр. Бұл туралы Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Өңірлерді дамыту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау аясында аудандағы ауылдарда көше жарығын тарту, жолды жөндеу, бейнебақылау камералары мен бағдаршамдар орнатылды. Шағын сәулеттік нысандар қойылды. Оған 70,5 миллион теңге жұмсалды, — деді Қалихан Байғонысов.

Бағдарламаның негізінде аудан орталығы мен төртінші деңгейлі бюджетке көшкен 13 ауылдағы әлеуметтік нысандар жөнделді. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 230 миллион теңге жұмсалды. Бөлінген қаражат есебінен Белоусовка, Верх-Березовка, Прогресс, Прапорщикова, Бобровка, Ушанова, Секисовка, Тарханка, Черемшанка ауылындағы спорт кешендері жөнделді. Сонымен қатар Алтай мен Глубокое ауылдарындағы саябақтар абаттандырылды. Аудан орталығында балаларға арналған ойын алаңы салынып, қолданысқа берілді.