Қазақ музыкасын зерттеуші, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов 1964 жылы республиканың түкпір-түкпірін аралап, қазақ отбасында өсіп жатқан өнерге құштар ауыл балаларын жинады. Оларға арнап Алматыда музыка мектеп-интернатын ашқан. Қазір мұнда халық аспаптары, үрмелі және ұрмалы аспаптар, арнайы фортепиано, дирижерлау, міндетті фортепиано, теория, концертмейстерлік және жалпы пәндер оқытылады.

Бұл мектепте Мақпал Жүнісова, Арман Жүдебаев, Толқын Забирова, Арман Дүйсенов, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова сияқты елдің мәдениет саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан қайраткерлер білім алды.

Мерейтойда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хаты оқылды.

Халық артисі, академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған мектеп-интернат — шалғайдағы дарынды балалардың өнерін ұштауға еңбек сіңірген айтулы өнер ордасы. Мектептен қазақ халқының мәдениеті мен өнерін дамытып, әлемге паш ету жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан өнер қайраткерлері түлеп ұшты. Болашақта осы дәстүр жалғасып, өнерпаздарды жеңіс тұғырынан көретінімізге сенім мол, — деп жазылған құттықтау хатта.

Мектеп-интернаттың қазіргі және бұрынғы 15 ұстазы Алматы әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да осы мектепті бітірген. Кеште министрдің құттықтау хатын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев оқыды.

Бәріңізді осы құт қонған қасиетті қара шаңырақ — өнер мектебінің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Мектепте білімді де тәжірибелі мұғалімдер еңбек етіп жатыр. Олардан дәріс алған шәкірттер елдің мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Өзім де осы мектептің түлегі болғандықтан мен үшін бұл білім ордасының орны ерекше, — деп жазылған министрдің хатында.

Жұбанов мектебі
Фото: Азамат Құсайынов

Мерейтойға орай мектептің мұғалімі Жанель Әбдіқадірова Мәдениет және спорт министрінің құрмет грамотасына ие болды. Мәдениет саласының үздігі төсбелгісін Шолпан Рүстемқызы, Күзембай Бектаев және Ләззат Рақышқызы кеудесіне тақты.

Мерекеде мектептің симфониялық оркестр, халық аспаптары оркестрі, үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрі, эстрада-симфониялық оркестр, камералық оркестр, арнайы хор, «Ақтілек» ұлдар хоры, «Ақжелек» этно-фольклор ансамблі, «Қоңыржай» қылқобызшылар ансамблі, «Қарлығаш» кіші қобызшылар ансамблі, қобызшылар, домбырашылар, скрипкашылар, виолончельшілер ансамбльдері өнер көрсетті.