Алматылықтар Домбыра күнін атап өтті

Көрермен назарына концерттер, театрландырылған қойылымдар мен әртүрлі флешмоб ұсынылды. Мерекелік шараға 100-ге жуық домбырашы қатысты. Олардың қатарында «Отырар сазы» оркестрінің кәсіби домбырашыларымен бірге консерватория студенттері және қарапайым қала тұрғындары да бар.

Өнерпаздар халық әндерін орындап, Құрманғазы, Дина мен Тәттімбет секілді әйгілі күйшілердің күйін тартты. Арбатта домбыра жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шеберлер келушілерге оның қадір-қасиетін ұғындырып, неден жасалынатынын айтып берді.

Домбыра мен қазақ бір-бірімен тығыз байланысты. Домбырамен қазақ күй тартқан, домбырамен қазақ ән айтқан. Домбырамен қазақ жыр тартқан. Домбырамен айтысқан. Домбыраға басқа да ұлттар қызығушылық танытып, үйреніп жатқан жайы бар, — деді «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблінің дирижеры Ықылас Нұрғалиев.

Еске салайық, Ұлттық домбыра күні 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілді. Бұл мереке жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі.