Расында да ойда тұрған жоспарды ысырып тастау оңайырақ. Сондықтан жоспарды қойын дәптерге не телефонның жадына жазса, ми лезде тапсырма алады екен. Baribar.kz әр күнді немесе белгілі бір жұмысты жоспарлауға көмектесетін бес гаджет-қосымша туралы мәлімет береді.

«5 Задач»

5 Задач
Қосымшаның телефондағы скриншоты

Орындалуы керек істің көптігінен жұмысқа деген қабілет төмендейтінін байқадыңыз ба? Осы мәселені негізге алған қосымша да бар екен. Бұл қосымшада бір күнде орындалуы керек 5 тапсырманы маңызына қарай белгілеуге болады. Қызыл — өте маңызды, басымдығы жоғары, қызғылт сары — маңызды, басымдығы орташа және жасыл — аса маңызы жоқ, басымдығы төмен. Онда тапсырманы жазу мен өшіруден артық баптау жоқ. Тізім уақыт бойынша жасалмайды. Тапсырма туралы ескертпейді. iOS құрылғыларында ғана жұмыс істейді.

Wunderlist

Wunderlist
Қосымшаның телефондағы скриншоты

Бұл қосымшада жоспарды ұзақ мерзімге қою ыңғайлы әрі тапсырманың мазмұнына байланысты бөлуге де болады. Мысалы, отбасы, саяхат, жұмыс, фильм және жеке жоспар. Оны телефонға немесе компьютерге жүктегеннен кейін міндетті түрде тіркелу қажет. Бұл оны бірнеше құрылғыда қолдануға мүмкіндік береді. Тағы бір артықшылығы — белгілі бір тізімге бірнеше адамды тіркеуге болады. Бұл көбіне командамен жұмыс істегенде өте қолайлы. Қандай құрылғыда болса да, тапсырманы ескертетіндей етіп баптауға болады. iOS, Android, Windows-та жұмыс істейді, веб-нұсқасы да бар.

Trello

Trello
Қосымшаның телефондағы скриншоты

Бұл қосымша арқылы жобаларды, команданың жұмысын жоспарлау тиімді. Себебі онда тізімнің орнына канбан-тақталар қолданылады. Канбан — жапондардың жұмыс істеуді басқару әдісі. Ол жұмысты команда мүшелеріне бөліп, дедлайн белгілеуге ыңғайлы. Бұл қосымшаның артықшылығы — жұмыстың қай сатыда екенін, орындалып, орындалмағанын түстер арқылы белгілеуге болады. Қосымшаның мобайл нұсқасы бар. Дегенмен оны компьютерде қолданған ыңғайлы.

Todoist

Todoist
Қосымшаның телефондағы скриншоты

Қосымшада әр күнге және алдағы аптаға жоспар қоюға болады. Онда тапсырманың орындалуы керек уақытын белгілеп, ескертіп отыратындай ету ыңғайлы. Мұнда да жобаны жоспарлап, оған басқа адамдарды тіркеу мүмкіндігі бар. Қосымшаны компьютерде және мобайл платформада тегін қолдануға болады.

Any.Do

Any.Do
Қосымшаның телефондағы скриншоты

Бұл қосымшамен де күнделікті жоспар құруға болады. Артықшылығы — тапсырманы аудиомен айту мүмкіндігі бар. Тапсырманы тек күнтізбе арқылы қою қажет. Қосымшаны қолданбас бұрын тіркелу талап етіледі. Мұнда да белгілі бір тапсырманы басқа адамдармен бөлісу, ескерту баптауы бар. Бірақ басқа қосымшалар сияқты 1-2 сағат бұрын емес, одан да ертерек ескертеді. Қосымшаны гаджеттің барлық базасы бойынша қолдануға болады.