Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президентке институт жұмысының негізгі көрсеткіштері мен медицина мекемесінің ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.
Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты — медицинаның осы саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен айналысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы. Мұнда күн сайын 50-ден астам, ал бір жылда 8 мыңнан аса операция жасалады. Бүгінде орталықта 385 емделушіге арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. Осы бөлімшелердің негізінде буындарға эндопротез жасайтын, артроскопия және спорт жарақатын емдейтін, омыртқа патологиясын түзейтін 3 республикалық орталық ашылған.
Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институты жанынан қосымша 23,2 мың шаршы метрлік медицина корпусын салуға шешім қабылдағанын айтты. Президенттің пікірінше, ғылыми-зерттеу институтының ескірген ғимараттары заман талабына сай келмейді.
2021 жылы бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді. Тиісті қаражат бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына 26 миллиард теңге қажет. Бұл қомақты сома болғанына қарамастан Үкіметке тиісті тапсырма беремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа корпуста операция жасайтын 6 зал, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері және медицина бұйымдарын шығаратын шағын зауыт болады. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін жоғары технологиямен қызмет көрсету көлемі 45% артады.
Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, оларға табыс тіледі.