Жергілікті бюджеттің өз табысы 120 миллиард теңгеге толған. Трансфертті есептемегенде табыс 1,8 триллион теңге болды, бұл 2018 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 119 миллиард теңгеге көп. Бюджет табысы салық есебінен молайған.
Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында бюджетке түскен салық 7,5% көбейген — 1,7 триллион теңге, бір жыл бұрын дәл осы уақытта 1,6 триллион теңге болған. Негізгі капиталды сатудан 68,7 миллиард теңге және салық емес түсімдер есебінен 47,7 миллиард теңге түскен. Трансферт биыл 31,4% өсіп, 2,4 триллион теңге болды, былтыр 1,8 триллион теңге болған.
2019 жылдың 9 айында жергілікті бюджет табысының молаюы жағынан бес өңір көш бастап тұр. Олар: Түркістан облысы, Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан.
Түркістан облысы бюджетінің табысы 509,3 миллиард теңге болды, бұл былтырғыдан (434,1 миллиард теңге) 17,3% көп.
Жергілікті бюджетті толтыру бойынша жоспар Нұр-Сұлтаннан басқа өңірлердің бәрінде асыра орындалған. Жоспар орындау жөнінен Атырау облысы, Алматы, Павлодар облысы және Шығыс Қазақстан облысы алда.