Көлік салығын төлеу мерзімі шегеріледі. Заңнамада тағы не өзгереді?

Қазақстанда салық заңнамасының нормалары өзгереді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салық әдістемесі департаменті директорының міндетін атқарушы Дәулет Жарылғасынов айтты.

Комитеттің мәліметінше, салық заңнамасына бірнеше өзгеріс енгізілгелі отыр. Олар:

  • жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу мерзімінің соңын 31 желтоқсаннан салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру;
  • мүлік салығы мен жер салығын салық элементін (салық салынатын объект, салық мөлшерлемесі, есептеу мен төлеу тәртібі) өзгертусіз біріктіру. Бұл жағдайда жер телімдері салығы мен мүлік салығы жеке тәртіп бойынша бөлек есептеледі, бірақ салық төлеушіге бір сома ретінде ұсынылады (бюджет жіктемесінің бірыңғай коды)
  • салық сомасының аздығына, әкімшілендіру шығындары мен нысандардың көп болуына және есептеудің күрделілігіне байланысты көппәтерлі тұрғын үй иелері үшін жер салығын алып тастау

Дәулет Жарылғасыновтың мәліметінше, 2019 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша бюджетке 290,8 миллиард теңге жергілікті салық түсті, оның 10,3 миллиард теңгесі — жеке тұлғалардың мүлік салығы, 13,9 миллиард теңгесі — жер салығы, 38,9 миллиард теңгесі — көлік салығы. Салық көлемі былтырғы 10 айдың қорытындысына қарағанда 20,2 миллиард теңгеге көп.

Қазақстанда 3 906 518 көлікке салық салынады, оның 3 669 714-і жеке тұлғаларға, 236 804-і заңды тұлғаларға тиесілі. Мүлік пен жер салығын 7,3 миллион салық төлеуші төлейді, соның ішінде 3,8 миллионы мүлік салығын, 3,4 миллионы жер салығын төлейді.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің мәліметінше, осы жылдың басында салықты кешіру акциясы аясында борышының өсімпұлынан босатуға болатын 1,4 миллион адам тіркелген. Олардың борышының жалпы сомасы 13,9 миллиард теңге болды, өсімпұлының жалпы сомасы — 6,3 миллиард теңге.

2019 жылдың 31 қазанындағы мәлімет бойынша 424 925 жеке тұлғаның өсімпұлы кешірілді, борышкер азаматтар жылдың басынан бері 10,2 миллиард теңге көлемінде негізгі қарызын өтеген, олардың кешірілген өсімпұлының жалпы сомасы — 1,96 миллиард теңге.