Министрдің мәліметінше, кейінгі 3 жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы учаскелерінің цифр кадастрын жасады. Соның арқасында нақты аймақтағы әр егістіктің, жайылымның, бақ немесе шабындық алқаптарының көлемі және әр жер иесінің аты-жөні туралы ақпарат белгілі болып отыр.
Шамамен 80 мың адамның иелігіндегі 290 мыңнан астам егістік алқабы цифрандырылды. Олардың жалпы аумағы — 26 миллион гектар. Қазақстанның 49 мың азаматына тиесілі 132 мың жайылым жер де цифрландырылды. Электрон агрокадастр мәліметін Qoldau.kz сайтынан кез келген адам көре алады.
Бүгінде агроөнеркәсіп кешеннің нақты деректері бар Жағдаят орталығы жұмыс істейді. Онлайн кадастр бізге пайдаланылатын жердің әрбір учаскесіне толық мониторинг пен бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Әр егістік пен жайылым бойынша өсімдік вегетациясы, топырақ температурасы, ауа температурасы, топырақтағы ылғал, жауын-шашын, топырақтың химиялық құрамы және арамшөптермен залалдануы сияқты күнделікті өзгерістерді көріп отырамыз. Сондықтан да біз жердің қанша уақыт пайдаланылатынын немесе тұрып қалғанын білеміз, — деді Сапархан Омаров.
Министрлік агроөнеркәсіп кешені субъектілерін субсидиялау процесін түгел автоматтандырған. Жақын арада егістік пен жайылымдар тарихы қамтылған кітап жарияланады. Сонымен бірге жерді тиімсіз пайдаланушылардың ашық тізімі жасалады. Бұл тізімге кірген жер иелеріне субсидия беруге тыйым салынады.
2021 жылға дейін жер беру жөніндегі баламасыз электрон конкурстарды өткізу жүйесі де енеді. Ведомство егіс пен жайылымдағы байланыс мәселесін шешуді, агроөнеркәсіп жағдайын тез әрі сапалы талдауға және болжауға мүмкіндік беретін «үлкен деректердің» толыққанды жүйесін түзуді көздейді.
Сапархан Омаров министрлік пайдаланылмайтын учаскелерді қайтарып алуды жеделдету үшін заң жобасын әзірлегенін де айтты. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын беру және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықтың базалық мөлшерлемесін 20 есе арттыру қарастырылады.
Еске салайық, жуырда Ақмола облысына сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу туралы тапсырмасын тағы айтқан еді. Оның айтуынша, әлдекімдер бұл тапсырманы әдейі орындамай отыр.