2019 жылдың қыркүйегінің соңында Қазақстан азаматтарының банк салымдары былтырғы 9 айдың қорытындысына қарағанда 4,2% артып, 8,8 триллион теңге болды. Кейінгі 5 жылда қыркүйектен қыркүйекке дейінгі кезеңде салымдар орташа есеппен 15,5% өсіп келеді. Бұл туралы Ranking.kz зерттеуінде айтылады.

Теңгемен сақталып тұрған қаражат қанша?

Мамандардың мәліметіне қарағанда ел азаматтары қаражатты теңгемен сақтағанды артық көреді. Биылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша қаржы жинақтарының 55,6%-і немесе 4,9 триллион теңгесі ұлттық валютамен сақталған. Азаматтардың 3,9 триллион теңгесі шетел валютасымен жинаулы тұр.

Теңге салымдары мұндай көрсеткішке кейінгі жылдары ғана жетіп отыр, 2015 жылы ұлттық валютамен сақталған салымдардың үлесі 23,6% қана болған. Ranking.kz халық теңгеге сене бастады деп отыр.

Ұлттық валютаға корпоратив сектор да көбірек сенім арта бастаған. Қыркүйектің соңында еліміздегі заңды тұлғалар салымдарының жалпы сомасы 6,7 триллион теңге болды, бұл былтырғы 9 айға қарағанда 1,5% көп. Салымдардың теңгемен сақталған бөлігі 2018 жылғы 47,8%-тен 2019 жылғы 51,2%-ке ұлғайды, ақша түрінде 3,4 триллион теңгеге дейін, яғни 8,9% көбейді. Заңды тұлғалардың шетел валютасымен сақталған салымдары 5,2% азайып, 3,3 триллион теңге болды. Жалпы салымдардың ішінде шетел валютасымен сақталған бөліктің үлесі 52,2%-тен 48,8%-ке төмендеді.

Еске салайық, қыркүйектің соңында Қазақстанда 299,5 мың компания бар екені анықталған еді. Оның 2,4 мыңы — ірі кәсіпорын, 6 мыңы — орта және 291,1 мыңы — шағын кәсіпорын.

Айналымда қанша теңге бар?

2019 жылдың қыркүйегінің соңында айналымда 2,2 триллион теңгеден астам қолма-қол ақша бар екені белгілі болды. 2018 жылдың соңында 2,3 триллион теңге айналымда болған еді.

Ranking.kz Қазақстан теңгесі әлемдегі ең қорғалған валюталардың бірі екенін еске салады. Былтыр Ұлттық банк пен екінші дәрежелі банктер 1,4 мың дана жалған ақшаны әшкерелеген. Анықталған жалған теңге саны 2017 жылға қарағанда 17,9% азайды. Мамандардың айтуынша, қолдан жасалған теңге 1 миллион банкнотқа шаққанда үшеуден келеді. Еуропаның орталық банктерінің классификациясы бойынша жалған ақшаның 1 миллион нағыз банкнотқа шаққанда 10-нан келуі сол валютаның қорғалмағанын және бұл сол елдің жалған ақша жасаудың алғашқы (төменгі) деңгейінде екенін білдіреді.

Теңге айналымға енгелі бері оның дизайны қалай өзгергенін Ranking.kz жасаған картадан көруге болады.