2019 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау көлемі былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 2 есе көбейіп, 4,8 триллион теңге болды. 2018 жылдың қаңтар-маусымында мұндай төлемдер сомасы 2,2 триллион теңге болған еді. Бұл туралы Ranking.kz сарапшылары хабарлады.

Қолма-қол ақшасыз төлем транзакциялары осы аралықта 192,8 миллионнан 460,3 миллионға көбейді. 2019 жылдың 6 айында мұндай төлем жағынан республика бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан мен Алматы облысы көш бастады. Алматыда картамен, POS-терминалмен, ұялы телефонмен немесе интернетпен төлем жасаудың жалпы көлемі 3,3 триллион теңге болды, бұл — жалпы ел бойынша жасалған қолма-қол ақшасыз төлемнің 68,9%-і. Былтырғы қаңтар-маусым айларында көрсеткіш 1,4 триллион теңге немесе 63% болған.

Нұр-Сұлтанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау сомасы 408,2 миллиард теңге немесе республика бойынша үлестің 8,6%-і болды. Былтыр 198,3 миллиард теңге немесе 9,2% болды.

Алматы облысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлем жасау көлемі 218,4 миллиард теңге болды, республика бойынша мұндай төлемдердің 4,6%-і осы өңірге тиесілі. Былтыр 52,1 миллиард теңге көлемінде (2,4%) қолма-қол ақшасыз төлем жасалған.

Республика бойынша қолма-қол ақшасыз операциялардың көбі — 63,8%-і интернетпен және ұялы телефонмен жасалған. Жалпы сома — 3 триллион теңге. Былтыр мұндай төлемдердің жалпы сомасы 1,1 триллион теңге болған еді. POS-терминалмен жасалған операциялардың көлемі — 1,6 триллион теңге, былтырғыдан 71,3%-ке көп. Банкоматтардың көмегімен 89,1 миллиард теңгенің төлемі жасалған.